Ресейлік «Лукойл» компаниясы Қазақстандағы «Қаламқас-Хазар» кенішіндегі үлесін сатуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұған АҚШ Қаржы министрлігінің компанияға қарсы енгізген санкциясы себеп болған.
Соған сәйкес, «Лукойл» өзіне тиесілі үлесі 50 пайыздан асатын шетелдік активтерінен бас тартуы тиіс, деп хабарлайды Ertenmedia.
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Лукойл» «Қаламқас-Хазар» жобасында жұмысын жалғастыруы да мүмкін.
«АҚШ санкциясы «Лукойлдың» үлесі 50 пайызды құрайтын және одан асып түсетін активтеріне қатысты қолданылады. «Қаламқас теңіз-Хазар» жобасындағы «Лукойлдың» үлесі тұп-тура 50 пайызды құрайды, қалған өзіміздің «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Менің пікірімше, егер біздің тараптың үлесі 51 пайызға артатын болса, орыстар жобадағы орнын сақтап қалады», – дейді Жұмағұлов.
Сарапшының пікірінше, мәселе қалай құбылары «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойлдың» арасындағы келіссөз нәтижесіне байланысты болмақ.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, мұнай кенішіндегі ресейлік компанияның тағдыры жақын күндері шешіліп қаларын меңзеген. Үкіметтің екі компанияның ортасына түспейтінін айтқан еді.
«Лукойлдың» үлесін сатып алу немесе қайта бөлу туралы шешімді осы аптаның соңына дейін қабылдаймыз», – деген еді министр.
Айта кетелік, 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеруге қатысты бірлескен келісімге қол қойған.
Келісім аясында «Лукойл» қазақстандық «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС-ның жарғылық капиталының 50 пайызын сатып алып, стратегиялық серіктес атанған болатын.
Ресейлік компанияның осы кен орындарына құятын инвестициясы алдағы жылдары 6 миллиард доллардан асатыны, ал алғашқы теңіз платформаларының іске қосылуы 2026 жылға жоспарланғаны айтылған.
Президент Тоқаев «Лукойлдың» Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығына орай өткен іс-шарада компанияның елімізге салған инвестициясының жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асқанын, осы уақытқа дейін 94 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндіргенін атап өткен еді.
Ресейлік алпауыт бұдан тыс «Теңізшевройлдың» 5 пайыз, ал Қарашығанақ жобасының 13, 5 пайыз үлесіне ие.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Шухраттың ширақ шешімі: Eurasian Bank мемлекеттің ақшасын қайтара бастады

