Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2025 жылдың қорытындысында жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Қазақстан Ресей мен Қытайды басып озады.
Бұған назар аударған белгілі ресейлік бизнесмен Олег Дерипаска Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы логикалық тұрғыдан орынды екенін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Өзінің Telegram-каналында Дерипаска ХВҚ-ның деректерін күтпеген жаңалық деп санамайтынын атап өтті.
Қор болжамы бойынша, 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14,77 мың долларды құрайды. Бұл Ресей (14,26 мың доллар) мен Қытайдан (13,69 мың доллар) жоғары көрсеткіш.
«Бұл жерде экономикалық өсімнің негізгі факторларын тағы бір рет қайталаған жөн: меншік құқығының қорғалуы, шетелдік инвесторларды тарту, заң үстемдігі мен жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін жүйелі түрде қысқарту.
Мұндай шаралар сырт көзге қарапайым болса да, нәтижесі кепілді түрде жұмыс істейді. Ал сенімді логистикалық дәліздердің Қытаймен арадағы дамуы осы шаралардың тиімділігін тіпті күшейтіп, Қазақстан экономикасының тұрақты өсіміне жол ашады», – деді ресейлік миллиардер.
Сарапшылардың пікірінше, Дерипасканың пікірі ішінара шындыққа жақын болғанымен, шетелдік инвесторлардың елден кетуі байқалып отырған кезде бұл пікір әсіре оптимизмге көбірек ұқсайды.
Қазақстан экономикасының 2025 жылдың алғашқы жартысында айтарлықтай қарқын алуына бюджет қаржысының түрлі салаларға көптеп құйылуы әсер еткен. Мұндай жоғары динамиканы жылдың екінші жартысында сақтау қиын болуы ықтимал.
Айта кетсек, Олег Дерипаска әлемдегі ірі алюминий өндіруші «РУСАЛ» компаниясының бұрынғы президенті әрі негізгі бенефициары, сондай-ақ En+ Group-тың ірі акционері. Бизнесмен АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ және басқа да елдердің санкциясына іліккен. Оған Ресей президенті Владимир Путин режимін қаржыландырды деген айып тағылған. Соған қарамастан, ол Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекетін бірнеше рет сынап мәлімдеме жасаған.
Forbes журналының дерегінше, 2025 жылы Дерипасканың жеке капиталы 4,1 миллиард долларға бағаланған (миллиардерлердің әлемдік рейтингісінде 887-орын).
Дерипасканың Қазақстанда да коммерциялық мүддесі бар екені белгілі. Ол «РУСАЛ» арқылы елдегі энергетикалық көмір нарығының негізгі ойыншысы «Богатырь Көмір» ЖШС-ін бақылайды.
Жақында монополиялық саясат жүргізгені үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Богатырь Көмірдің» көмір бағасына мемлекеттік реттеу енгізуді ұсынған болатын.
Бұған дейін Дерипаска Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамында болған, алайда халықаралық санкцияларға іліккеннен кейін кеңестен шыққан.