Президент Тоқаев Түркия сапары барысында бірсыпыра келісімге қол қойып, мұнай экспортында Кремльдің құлдығынан құтылуға батыл қадам жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Анкарада өткен Қазақстан Түркия стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің мәжілісінде тараптар 20-дан астам өте-мөте маңызды құжатқа қол қойды.
Тоқаев негізгі тезисті мұнай экспортын әртараптандыру мен Транскаспий бағытын дамытуға арнады.
Қазақ мұнайын Ресей арқылы тасымалдауға тәуелділікті азайту үшін Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) құбырының потенциалын кеңейту мәселесіне акцент берілді.
Президент Тоқаев Қазақстан әлгі құбырмен Түркияға қазірдің өзінде жылына 1,4 млн тонна мұнай тасымалдап отырғанын бірнеше рет қайталады. Биылғы жарты жылдың өзінде осы бағыттағы мұнай экспорты 12 пайызға ұлғайып, 785 мың тоннаға жеткен.
Бірақ, бір нюанс бар…
БТЖ-ның мүмкіндігін рахаттанып пайдалануға келгенде кібіртіктеп қалатын мәселелер кездеседі. Соның бірі Ақтау портын кеңейту. Қазіргі инфрақұрылым толық қуатында жұмыс істеп тұр, сондықтан порттың әлеуетін арттырмай, мұнай экспортының көлемін ұлғайту қиындау.
Екінші мәселе БТЖ арқылы жіберілетін мұнай сапасына қойылатын талаптың жоғары болуы. Қазақстан мұнайы құбыр стандартына әрдайым сәйкес келе бермейді.
Осы түйткілді шешу үшін Бектенов үкіметі Транскаспий мұнай құбырын салу мен Каспий теңізінің қазақ және әзербайжан жағалауында теңіз терминалдарын тұрғызуды көздеп отыр.
Елдің 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, Транскаспий мұнай тасымалын жылына 20 млн тоннаға жеткізу көзделген. Әзір Ресей аумағын айналып өтетін экспорт көлемі мардымсыз, жалпы тасымалдың небәрі 5,9 пайызын (32,6 млн тонна) құрауда.
Ердоған-Тоқаев тандемінің болашағы зор
Ердоған да Тоқаевпен қойын-қолтықтасып жұмыс істеуге кет әрі емес. Анкара Астанамен сауда айналымын жылына 15 млрд долларға жеткізуге ниеттеніп отыр.
Түріктердің бізге құйған инвестициясы 5 млрд доллардан асса, қазақ компаниялары Түркияға шамамен 1,5 млрд доллар инвестиция салған. Түрік мердігерлері Қазақстанда 30 млрд доллардан астам қаражатқа 500-ге жуық жобаны іске асыруда.
Келіссөзде бұдан бөлек көлік-логистика саласындағы әріптестікке те екпін берілді. Әйгілі Орта дәліз, Қазақстан аумағы арқылы Каспий теңізін, Әзербайжан, Грузия мен Түркияны кесіп өтетін транзиттік дәліздің мүмкіндігі ерекше талқыланды.
Қысқасы, Қазақстан алдағы уақытта порт инфрақұрылымын жаңғырту, мұнай сапасын арттыру және жаңа инвестиция тарту міндетін тездетіп шешуі тиіс.
Бұған Turkish Petroleum және SOCAR сияқты түрік-әзербайжан компанияларының қатысуы жобаға жан бітіре алады. Әзірше БТЖ бағытындағы тасымал көлемі Ресеймен салыстырғанда көп төмен. Орыстың құбырынан «құтылу» уақытты да, қомақты инвестицияны да талап етеді.
Мәскеу?
Кремль БТЖ-ның потенциалын кеңейтуге тырмысып жатқан Тоқаевтың әрекетін құптай қоймасы анық. Тасымал бағытына ықпал ету үшін әкімшілік және техникалық (тіпті провокациялық) тетікді де қолдануы әбден мүмкін.
Бейжің Тоқаевтың жүрісін оң бағалайды, себебі Қазақстан арқылы өтетін тың маршруттар Қытай тауарын Орта дәліз арқылы Еуропаға жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Батыс елдері де Астананың амбициясына қолдау білдірмесе, қарсы келмейтіні анық. Транскаспий маршрутының өрісін кеңейту Ақорда үшін өмір мен өлім мәселесі.

