Ресей мен Украина арасында соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер 1 ақпанда Әбу-Дабиде өтеді. Тараптарға АҚШ арағайындық етпек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
23–24 қаңтарда Әбу-Дабиде өткен келіссөздердің алғашқы раунды көптен күткен бетбұрыс ретінде сипатталды. АҚШ өкілінің айтуынша, тараптар өзара сыйластық танытып, күрделі мәселелерді бүкпесіз талқылаған.
«Келіссөз атмосферасы өте жайлы болды, тараптардың соғысты тоқтатуға шынайы ықыласын көрдік. Өте маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Алдағы аптада келісімді соңғы нүктеге дейін жеткізуге тырысамыз», – деді атын жасырған америкалық ресми өкіл.
Президент Трамптың арнайы өкілі Стибен Уиткофф та келіссөздің оң нәтижемен өткенін, талқылаудың келесі аптада жалғасатынын атап өтті.
Осы келіссөзге дейін, 22 қаңтарда Мәскеуде Путин АҚШ президентінің күйеу баласы Жәред Кушнер және Ақ үйдің аға кеңесшісі Жош Грүнбауммен төрт сағат бойы жеке кездескен. АҚШ өкілі кездесуді «аса нәтижелі әрі маңызды» деп бағалады.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушақов Мәскеу келіссөздер барысында басты назарда Украинаның аумақтық мәселесі тұрғанын, Әнкориджде келісілген шарттарсыз тұрақты бейбітшілік орнамайтынын тағы да ескерткенін мәлімдеді.
Зеленский не дейді?
Әбу-Дабидегі кездесулерге Украина тарапынан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рүстем Үмеров пен Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Бұданов қатысса, Ресей тарапынан келіссөздерді Қорғаныс министрлігі өкілдері мен Бас штабтың бас басқарма басшысы Игір Костүков басқарды.
Украина президенті Владимир Зеленский де кездесуді жоғары бағалады:
«Өте көп маңызды мәселені талқыладық. Ең бастысы, әңгіме конструктивті өтті. Егер тараптар алға қадам басуға дайын болса Украина бұған дайын онда келіссөздер жалғасады», – деді ол.
Дегенмен келіссөздің алғашқы күнінен кейін-ақ Ресей Украина аумағына ауқымды ракеталық шабуыл жасады. Киев мұны бейбіт процеске қарсы жасалған ашық арандатушылық деп мәлімдеп, Ресейдің Донбастан украин әскерін шығаруды талап етуіне де үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Бұл соғыс басталғалы Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің алғаш рет бір үстел басында бетпе-бет кездесіп, бейбітшілік жоспарын талқылауы.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Сарым Мәскеу мен Киевті табыстырудың тосын формуласын ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

