Әзербайжан Қазақстан мұнайының Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыры арқылы транзит көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізуге дайын екенін білдірді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, қазір қолданыстағы келісім бойынша Қазақстан жыл сайын аталған құбырмен шамамен 1,2 млн тонна мұнай жөнелтеді. Әзербайжан тарапы транзит көлемін екі есеге жуық арттыруға әзір екенін жеткізген.
«Әзербайжандық әріптестеріміз Қазақстаннан сатып алатын мұнай көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін көбейтуге дайын екенін нақты айтты», – деді Ақкенженов.
Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры – Каспий өңірі елдерінің әлемдік нарыққа тәуелсіз жолмен шығуын қамтамасыз ететін басты дәліздердің бірі. Оның ұзындығы 1768 шақырым, Әзербайжан астанасы Бакуден Грузия арқылы Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Джейхан портына дейін созылып жатыр.
2006 жылы іске қосылған құбыр Қазақстан үшін Ресей бағытындағы мұнай құбырларына балама болып саналады. Қазақстан дәл осы бағыт арқылы мұнай экспортын әртараптандыруға ерекше назар аударып отыр.
Айта кетелік, бұған дейін Тоқаев Уашингтон мұрындық болған «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне Әзербайжан да қатысуы керек деген болатын. Мемлекет басшысы Бакудің өңірлік рөлін жоғары бағалап, Әзербайжанды «үлкен Орталық Азияның ажырамас бөлігі» деп атаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







