Президент Тоқаев Мәскеуге Владимир Путиннің шақыруымен мемлекеттік сапармен барды. Екі елдің басшысыы Кремльде ресми келіссөз өткізді деп жазады Ertenmedia.
Кездесудегі басты тақырып бұған дейін Ресейдің ресми басылымында жарияланған Тоқаевтың сұхбатында да айтылған еді.
Қазақстан президенті Мәскеу сапарын «2025 жылдың ең маңызды саяси оқиғасы» деп бағалады.
Тараптар өзара сауда көлемін алдағы уақытта 30 млрд долларға жеткізуге мүдделі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанда «Росатом» корпорациясының қатысуымен АЭС салу туралы құжатқа қол қоюға жақын қалғандары белгілі болды.
Бұған қоса, елімізде Ресейдің тоғыз университетінің филиалдары ашылғаны айтылды.
Тоқаев екі ел арасындағы гуманитарлық байланыс туралы да пікір білдірді.
«Орыс тілін қолдауды екі ел арасындағы сенім мен диалогты нығайтуға бағытталған гуманитарлық қарым-қатынастың маңызды бөлігі деп қарастырамыз. Қазақстан жастары қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілін және басқа да тілдерді меңгеруі керек. Бұл бүгінгі заман талабы және табысты болудың алғышарты», – деді Қазақстан президенті.
Келіссөз барысында Тоқаев Путинді 2026 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Ресей басшысы шақыруды ризашылықпен қабыл алды.
Осыған дейін Кремльде бейресми форматта кездескен екі ел басшысы бүгін кешке Үлкен театрда арнайы ұйымдастырылған мәдени шараға қатысады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Бір шәугім шайдың сыры: Путиннің пәтеріндегі протоколсыз кеш

