Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Каспий құбыр консорциумы (КТК) терминалына жасалған дрон шабуылына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ulysmedia басылымына берген сұхбатында елші Астананың Киев үшін әрдайым дос, серіктес әрі белгілі бір дәрежеде одақтас ел болып қала беретінін атап өтті. Виктор Майко шабуыл салдарынан терминалдың зақымдалғанына Украина тарапынан ешкімнің жауапкершілік алмағанын жеткізді.
Ол бұл мәселені дипломатиялық деңгейде талқылаған жөн деп есептейді.
«Киев Қазақстанға ешқашан әскери, саяси, экономикалық немесе басқа жолдармен зиян келтіргісі келген емес және мұндай ниеті де жоқ. Дәл қазір бұл мәселені дипломаттар өзара талқылап жатыр. Сол себепті бұл тақырыпты дипломаттарға қалдырайық», – деді елші.
Басылым бас редакторының «Олай болса, жауапкершілікті кім мойнына алады? Қазір тергеу жүріп жатыр ма?» деген сауалына елші:
«Белгілі бір шаралардың қолға алынғаны анық. Бірақ бұл жерде техникалық мәселе де бар. Оны талдау үшін болған зақымның деңгейін, оның қалай түзетілетінін түсінетін мамандармен ақылдасқан жөн шығар. Ал саяси және дипломатиялық келіссөздер өз бағытымен, белсенді жүріп жатыр», – деді.
Біз жеңілмейміз…
Шабуылдың қайталануы мүмкін бе деген сұраққа Виктор Майко «мұндай шабуыл қайталанбайды деген жалғыз кепілдік соғыстың тоқтауы» деп жауап қатыпты.
«Сонда Қазақстанның соғысқа қатысы жоқтығына қарамастан, бейтарап позиция ұстанса да, мұндай шабуылдарға тап болуы мүмкін бе?» деген сұраққа елші:
«Украина агрессияның құрбаны. Біз соғысты бастаған жоқпыз. Киев Мәскеуге басып кірген жоқ. Бүгін Украина өз болашағы мен ұлттық болмысын қорғап, өмір үшін күрес жүргізіп жатыр. Бұл біз үшін не жеңіс, не жойылу таңдауы.
Егер жеңіліп қалсақ, ал біз жеңілмейміз, бұл анық, мемлекет, ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін еді. Украина жүз жыл бұрын, 1919 жылы осындай трагедияны бастан өткерді.
Сол кездегі оккупациядан кейін украин халқының басына бұрын-соңды болмаған зұлмат түсті: аштық, арыстарымызды қудалау, жаппай қуғын-сүргін, репрессия мен ГУЛАГ. Қазақстан мұны бізден де жақсы біледі», – деп жауап берген екен Виктор Майко.
Контекст
Ресей-Украин қақтығысының Каспий құбыр консорциумына (КТК) соққы болып тиюі алғаш рет емес.
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.

