Әскерде жүріп ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар Түркияға емделуге кетті, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы адвокат Инга Иманбай мәлімдеді.
«Ербаян Ыстамбұлға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы, кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі.
Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса, үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз», – деп жазды адвокат.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Нартай Аралбайұлы дүйім ел назарын тігіп отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда», — деді ол.