Оңтүстік Кореяда сынақтан өтіп жатқан «күн ағаштары» баламалы энергетикадағы ең күрделі қайшылықтың біріне жауап ұсынатын болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Күн электр станциялары экологияға пайдалы саналса да, орманды аумақта салынса, сол жасыл энергияның өзі ағашты жаппай кесуге әкелуі мүмкін. Nature тобына кіретін Scientific Reports журналында жарияланған зерттеуге қарағанда, кәдімгі жазық панельдер орнатылған жағдайда орман жамылғысының шамамен 98 пайызы жойылады.
Ал Оңтүстік Корея зерттеушілері ұсынған биік тіреуге орнатылған «күн ағашы» үлгісі сол аумақтағы орманның 99 пайызын сақтай отырып, соған жуық электр қуатын өндіре алады.
Жоба кәдімгі күн фермасынан несімен ерекше? Панельдер жерге жайылып төселмейді, ағаштардың үстіңгі жамылғысына кедергі келтірмейтіндей биік бағандарға бекітіледі. Соның арқасында орман толық шабылмайды, экожүйе азырақ бұзылады, жер бедері мен табиғи орта сақталады. Зерттеу авторлары бұл тәсілді Оңтүстік Кореяның жағалаудағы орман белдеуінде 3D геоақпараттық модельдеу арқылы да, нақты тәжірибелік нысандар арқылы да тексерген.
Ең маңыздысы технология тек ток өндірумен шектелмейді. Орман сақталса, көмірқышқыл газын сіңіретін табиғи қалқан да сақталады. Яғни күн энергиясын көбейтеміз деп, климатпен күрестегі ең басты тіректердің бірін жоғалтпаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, «күн ағашы» энергетика мен табиғат қорғау арасындағы ымыраға ұқсайды.
Әзірге бұл жоба кең ауқымда жаппай енгізілді деуге ерте. Бірақ зерттеу көрсеткен нәтиже маңызды. Егер технология өндірістік деңгейде орнықса, орманды аймақтардағы күн энергетикасына мүлде басқа көзқарас қалыптасуы мүмкін. Яғни болашақта күн электр станциясы үшін міндетті түрде үлкен аумақты жалаңаштап тастаудың қажеті болмай қалуы ғажап емес.
Әдетте күн панельдерінің қызмет ету мерзімі 25-30 жыл немесе одан да көп уақытқа жетеді. Дегенмен, кез келген технология секілді, уақыт өте келе олардың тиімділігі біртіндеп төмендей бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







