Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, №6 жағажайда 40 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Барлығы сенімгерлік басқарушы компаниямен келісімшарт жасап, жалға алған аумақты күтіп ұстау бойынша нақты міндеттемелерді алған. Олар күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізуге, тапшандарды дезинфекциялауға, қоқыс жәшіктері мен жарық орнатуға, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті,- деп хабарлайды Ertenmedia Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«№6 жағажайда 45 қоқыс жәшігі, 10 контейнер және үш әжетхана орнатылған. Тазалыққа 30 жұмысшы мен 2 арнайы техника жауапты. Қауіпсіздікті 10-нан астам құтқарушы қамтамасыз етіп отыр, медицина қызметкерлері кезекшілік етеді, бейнебақылау камералары орнатылған. Мониторинг күн сайын жүргізіледі», — деп хабарлады қалалық ТҮКШ бөлімі.
Ал №5 жағажайда 28 бөлмелі 6 әжетхана, 5 жуыну орны, 6 киім ауыстыратын бөлме, 30 қоқыс жәшігі, 40 бөшке және 25 контейнер бар. Мұнда жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Жағажай аумағында тәртіпті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖБ мен полиция қызметкерлері тұрақты түрде кезекшілік атқарады.
Күн сайын №6 жағажайға 4–5 мың адам, ал №5 жағажайға 1 500–2 000 адам келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш әр жағажайда 2–3 есеге дейін артады.
«Әр демалыс сайын отбасымызбен №5 жағажайға келеміз — менің үш балам және екі жиенім бар. Мұнда таза, қауіпсіз, ересектер мен балаларға барлық жағдай жасалған. Киім ауыстыратын бөлмелер, құтқарушылар мен медқызметкерлер бар. Балаларға ойнайтын алаң болса, біз үшін тазалық пен тәртіп маңызды. Қоқыстарды арнайы жәшіктерге тастау – бұл мәдениеттілік белгісі», — дейді алматылық тұрғын Мұрат Амангелдиев.
Қауіпсіздік бойынша санитарлық қызмет мамандары пікір білдірді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нариман Орынбасарұлының айтуынша, Қапшағай су қоймасынан ай сайын су сынамасы алынып, зертханалық сараптамалар жүргізіледі. Қорытындысы — қанағаттанарлық, су санитарлық талаптарға сай келеді, шомылуға рұқсат берілген.
Жағажай маусымы басталғалы қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша 35 әкімшілік хаттама толтырылып, азаматтарға жалпы сомасы 1 376 200 теңге айыппұл салынған.
Қала әкімдігі жағажайдағы санитарлық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілгенін атап өтті. Келісімшарт талаптарын орындамаған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылады, сондай-ақ демалушылар да тазалық пен тәртіпті сақтауға жауапты екендерін естен шығармауы қажет.