Алматы облысының Іле ауданындағы Күрті ауылында мың түйеден тұратын алып керуен жүріп өтті деп хабарлайды Ertenmedia.
Жергілікті жұрт ұйымдастырған керуеннің ұзындығы бір шақырымға созылып, осыған дейінгі Қытайда тіркелген 365 түйелік рекордтан үш есе асып түсті.
Оқиға орнына арнайы келген Гиннесс рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг бұл көрініске таңданысын жасырмады:
«Мұндай алып түйе керуенін алғаш көруім. Расында, ғажайып әрі ерекше оқиға», – деп бағалады ол.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, рекорд өңірге туристердің қызығушылығын оятып, аймақтың танымалдығын арттыруға септігін тигізбек.

Соңғы жылдары Қазақстанда осы тәрізді ерекше бастамалар жиілеп кетті. Бұған дейін Үлкен Алматы көлінің аумағында әлемдегі ең ұзын аспалы көпір салу туралы да сөз қозғалған еді. Дегенмен мұндай рекордтардың ел үшін пайдасы бар ма, жоқ па, әзірге сұрақ күйінде қалып отыр.