Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскимен кездесті деп хабарлайды Ertenmedia.
Келіссөз барысында цифрландыру, жасанды интеллект және ғарыштық байланыс саласындағы стратегиялық ынтымақтастықтың перспективалары сөз болды. Amazon компаниясы Қазақстанды жай ғана жаңа нарық емес, Орталық Азиядағы спутниктік интернет-хаб құратын маңызды плацдарм ретінде таңдаған.
Қазірдің өзінде Amazon Kuiper мен «Қазақтелеком» серіктестік келісімге қол қойып, ел аумағында заманауи спутниктік интернет инфрақұрылымын салуға келісті. Алдағы уақытта Amazon Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында қажетті жерүсті кешендерін орнатуға 200 млн доллар инвестиция құяды.
Цифрлық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл Amazon компаниясының Орталық Азияға жасаған алғашқы әрі ауқымды қадамы. Kuiper жобасы бойынша орбитаға 3200-ден астам төменгі биіктіктегі спутник ұшырылады.
Нәтижесінде Қазақстанның ең шалғайдағы ауылдары да жоғары жылдамдықты интернетке қосылмақ.
Министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевтің сөзінше, аталған келісім Қазақстанның цифрлық даму саласындағы бетбұрысты оқиға. Amazon Kuiper компаниясымен әріптестік елдің цифрлық әлеуетін арттырып, экономикалық өсуге айтарлықтай серпін береді.
Әлемдік интернет алыбы Қазақстанға тек қаржы ғана емес, озық технологиялар мен тың мүмкіндіктер де алып келмек. Осылайша, ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға жаңа қадам жасалды.
«Қазақстан Kuiper желісіне қосыла отырып, жылдам интернетті қолжетімді игілікке айналдырудың жолына түсті», — деп атап өтті ведомство.