Қазақстанның жаңа Құрылтайына өткен депутаттардың арасында көпшілікке есімі аса таныс емес бір адам бар. Ол президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова. Бұған дейін ақпарат кеңістігінен барынша тыс жүрген Медеуованың өмірбаянын ашық дереккөздер арқылы зерттегенде оның саясат, ғылым, дипломатия және бизнес саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бары байқалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясы Дана Теміртайқызын «Әділет» партиясының атынан Құрылтай депутаты ретінде тіркегенін білеміз. Партияның сайлау алдындағы мәліметінде оның 1978 жылы туғаны және Астанадағы «ДЦР Funny School» ЖШС менеджері екені көрсетілген.
Дана Медеуова – Мемлекет басшысының қарындасы Қарлыға Ізбастина мен дипломат Теміртай Ізбастиннің қызы. Отбасындағы төрт баланың үлкені. Әкесі ұзақ жыл дипқызметте болып, Қазақстанның Болгариядағы елшісі қызметін атқарған.
Саясатқа дейін ғылыммен айналысқан
Медеуованың өмірбаянындағы көп айтыла бермейтін кезеңнің бірі ғылыми және университеттік қызметі.
Ұлттық ғылыми порталдағы дерекке сәйкес, Дана Медеуова 2004 жылғы 27 желтоқсанда саяси ғылымдар докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. Зерттеуінің тақырыбы «Жаһандану жағдайындағы саяси процестерді қалыптастыру мен дамытудағы Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары».
351 беттен тұратын ғылыми жұмыста Қазақстанның ақпараттық саясаты, медиакеңістік, БАҚ жаһандануы және ақпарат құралдарының саяси процестерге ықпалы зерттелген. Ұлттық ғылыми порталдағы жазбада автордың аты-жөні «Медеуова Дана Темиртаевна» деп көрсетілген.
Кейін Медеуова университет басшылығына келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәліметінде оның 2008–2012 жылдары халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін атқарғаны жазылған.
2006 жылғы ашық деректерде Медеуованың саясаттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағына ие болғаны да кездеседі.
Осы деректер жаңа депутаттың саясат пен медиа саласына мүлде сырттан келмегенін аңғартады. Ол ақпараттық саясат пен саяси процестерді ғылыми деңгейде 20 жылдан астам уақыт бұрын зерттеген.
Медеуованың қоғамдық қызметіне қатысты тағы бір дерек 2021 жылғы мемлекеттік марапаттау тізімінен табылады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматыда мемлекеттік награда алған азаматтардың арасында Дана Теміртайқызы Медеуова «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының басшысы» ретінде көрсетілген.
Демек, ол университеттен кеткеннен кейінгі кезеңде кәсіпкерлікпен ғана емес, атасы Кемел Тоқаевтың атындағы қордың жұмысына да араласқан.
Кипрдің Қазақстандағы құрметті консулы
Медеуованың өмірбаянындағы тағы бір назар аударарлық дерек Қазақстандағы ашық ақпаратта сирек кездеседі. Кипр Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында Дана Теміртайқызын Кипрдің Астанадағы құрметті консулы ретінде көрсетілген.
Құрметті консулдықтың өкілеттігі Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан өңірлерін, сондай-ақ Астана мен Байқоңырды қамтиды.
Құрметті консул кәсіби дипломатпен тең саналмайды. Әдетте мұндай қызметке екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және іскерлік байланысты дамытуға көмектесетін тұлға тағайындалады.
Қазақстандағы бизнесі
Кейін Дана Медеуова кәсіпкерлікке ауысқан. Мемлекеттік реестр дерегін жинақтайтын базаларда оның атымен 2014 жылы жеке кәсіпкерлік тіркелгені көрсетілген. Негізгі қызмет бағыты геологиялық барлау және іздестіру жұмыстары болған. Қосымша бағыты жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен байланысты.
Аталған кәсіпкерлік 2021 жылы қызметін тоқтатқан.
Азаттықтың 2022 жылғы зерттеуінде Медеуованың Астанадағы «Сал-сері» арт-галереясына және Funny School балаларды дамыту орталығына қатысы бары жазылған. Геологиялық барлау бизнесінің Түркістан облысындағы «Ермаксу» алтын кенішінде жұмыс істегені де көрсетілген.
2026 жылғы сайлау қарсаңында жарияланған мәліметте де оның қызмет орны Funny School балаларды дамыту орталығы ретінде көрсетілген.
Болгариядағы үш компания және кейінгі өзгеріс
Дана Медеуованың шетелдегі бизнесі туралы ең көп мәлімет Болгариядан табылады.
2022 жылы халықаралық журналистік зерттеулерде оның Софиядағы Dami Investment, Dami International және SD Property Investments компанияларына қатысы болғаны жазылды.
SD Property Investments компаниясында Медеуованың үлесі 74,91 пайыз болған. Алайда Болгариядағы ашық корпоративтік реестр дерегіне сәйкес, 2024 жылғы 22 мамырда ол компания құрылтайшылары қатарынан шыққан.
Dami Investment компаниясында да ұқсас өзгеріс болған. Медеуова 2018 жылғы қаңтарда компанияның жалғыз иесі атанса, 2024 жылғы 9 мамырда меншік қайтадан Марин Коловскиге өткен. Арада бірнеше күн өткенде компания атауы CREA VISION болып өзгертілген.
Сондықтан бірнеше жыл бұрынғы жарияланымдарда кездесетін «Дана Медеуова Болгариядағы үш компанияға иелік етеді» деген ақпаратты қазіргі жағдай ретінде беру дұрыс емес. Ашық реестрдегі кейінгі өзгерістер оның кемінде аталған компаниялардың бірқатарындағы үлесінен 2024 жылы шыққанын көрсетеді.
Чехиядағы бизнес
Халықаралық журналистік зерттеулерде Медеуова мен оның бауыры Бекет Ізбастиннің Чехияда да екі компаниясы болғаны жазылған. Abi Construction Capital және BG Invest Capital жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысқан. Зерттеу жарияланған кезде екі компанияның да қызметін тоқтатқаны айтылған.
Кәсіпкерліктен саясатқа
Дана Медеуованың ашық саясаттағы белсенді кезеңі биыл ғана басталды.
Ол «Әділет» партиясының Құрылтай сайлауына арналған тізіміне енгізіліп, сайлау қорытындысымен депутаттық мандат алды. Партия мандаттарды бөлген кезде Дана Теміртайқызы Медеуованың аты ресми тізімге енді.
Кейін І шақырылымдағы Құрылтай депутаты ретінде Қазақстан халқына ант берді.
Осыған дейін көпшілікке негізінен Тоқаев туысы әрі кәсіпкер ретінде ғана белгілі болған Дана Медеуованың өмірбаянында әлдеқайда ұзақ академиялық және халықаралық кезең бар.
Ол саяси ғылымдар докторы, кезінде университет проректоры болған, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарған, Қазақстандағы және Еуропадағы кәсіпкерлік жобаларға қатысқан, Кипрдің Қазақстандағы құрметті консулы қызметін атқарады. Енді осы тәжірибенің бәрі алғаш рет ашық саясат алаңында сыналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







