Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшысы Дінмұхаммед Ғали Қазақстанда АЭС салуға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу туралы шешімі халық пікірін ескерудің айқын дәлелі.
«Мемлекет басшысы атом электр станциясын салуға байланысты референдум биыл күзде өтетінін жариялады. Экономикалық өсім үшін елде тұрақты энергия көзінің болуы өте маңызды.
Қазақстанда 2035 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы 3,2 ГВт-қа жетеді деген болжам бар. Сондықтан АЭС салу арқылы ел экономикасын өркендетіп, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Бұл жоба Қазақстанда атом энергетикасын дамытып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасайды. Ал Президент соңғы сөзді халық айтады деген қағиданы басшылыққа алып отыр», – дейді Дінмұхаммед Ғали.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атом электр станциясын салуға қатысты соңғы шешімді референдум нәтижесі бойынша қабылдауды тапсырған болатын.
Ал былтыр 6 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясы АЭС құрылысы бойынша референдум өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі Қазақстанда АЭС салу бойынша ресейлік «Росатом» және басқа да үш ірі компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

