Өкімет сиыр етінің экспортына қайта шектеу қойып, жалпы көлемін бар-жоғы 13 мың тонна деп бекітті, деп жазады Ertenmedia.
Жаңа ереже 2 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Ауылминнің бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ірі қараның етін сыртқа шығаруға сандық квота енгізіледі.
Шектеу жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған ет түрінің бәріне қатысты. Экспорт көлемі Еуразиялық одақ елдеріне де, өзге мемлекеттерге де ортақ тәртіппен есептеледі.
Министрлік квота бөлудің қатаң шартын бекіткен екен. Енді ет экспорттау құқығы тек бірнеше талапқа сай келетін шаруашылықтар мен арнайы экспорттаушы компанияларға беріледі.
Атап айтқанда, экспорттаушының ресми тіркеу нөмірі бар өз ет өңдеу зауыты, кемінде 5 мың бас малға арналған жеке бордақылау алаңы болуы тиіс.
Бордақылауға қойылған мал міндетті түрде жануарларды идентификациялау базасында тіркеліп, төрт айлық бордақылау мерзімінен өтуі және арнайы RFID-белгімен таңбалануы қажет. Бұдан бөлек, экспорттаушы компаниялардың қолында сыртқы экономикалық келісімшарты болуы міндетті.
Әрбір компанияға берілетін квота бордақылауға қойылған әр мал басына шаққанда орташа есеппен 200 келі тірі салмақ ретінде белгіленеді.
Үкімет экспортты шектеу арқылы елдегі ет өңдеу өндірісіне қолдау көрсетіп, ішкі нарықты тұрақтандыруды көздеп отыр. Жаңа тәртіп ірі шаруашылықтардың позициясын нығайтса, шағын және орта деңгейдегі фермерлер үшін біраз сынақ болғалы тұр.
Соңғы кезде елдегі сиыр еті бағасының күрт көтерілуі жұрттың қалтасын қағып, биліктің басын ауыртып тұр. Бір жыл бұрын келісі 2500-3000 теңгеден сатылған ет биыл тамызда 4500-5000 теңгеге дейін өсті. Мамандар бұған әртүрлі себеп іздеп әлек.
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазір Қазақстанның ет одағының басшысы Асылжан Мамытбеков бағаның шарықтауына қатысты өз сараптамасын ұсынған болатын.
Сиыр етіндегі саботаж: Мамытбеков мал экспортындағы мина туралы айтты

