Астанада лифт ішінде балаға шабуыл жасаған жасөспірімді жалғызбасты ана асырап отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков айтты. Оның сөзінше, әйел баланың қамқоршысы ретінде ай сайын 60 мың теңге алады, ал ұлының екінші топтағы мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы мөлшері – 80 мың теңге.
«Ол баланың сыртынан жапты да, жұмыс істеуге кетті. Ал енді баланың ойында не болды? Ол бала әбден дайындалды. Пышақтың сабын пакетпен орады, жақсылап киінді. Сосын барып анау баланың бетінен ұрды. Оның анасына ештеңе деп айта алмайсың ғой», – деді Таңсәуле Серіков.
Депутаттың сөзінше, психикалық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отыратын ата-аналар қаржылық қиындықтарға тап болып жатады.
Айта кетейік, 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифт ішінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Тергеу барысында оның психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болды.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің мәлімдеуінше, бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған.