Астанада лифтіде балаға шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімге дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жасөспірімнің анасының полицияға жүгінгені туралы ақпарат тараған болатын. Оның айтуынша, ұлына санитарлар тарапынан дене жарақаты салынған.
Бұл ақпаратқа байланысты полиция тексеріс басталғанын растады.
«Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл іс Алматы ауданының полиция басқармасында тіркелді. Тексеріс нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылданады», – деді полиция департаменті өкілі.
Астананың Психикалық денсаулық орталығы жасөспірімнің анасы 102 нөміріне хабарласқаннан кейін ауруханаға полиция қызметкері келгенін мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының өкілі кезекші дәрігермен және медбикемен бірге жасөспіріммен әңгімелесіп, денесін тексерген. Тексеріс барысында анасының көзінше оның денесін суретке түсірген.
«Науқастың денесін қарау кезінде оның көрсеткен жерлерінде терінің зақымдануы немесе ісіктер байқалған жоқ. Полиция қызметкерлері мен медицина мамандары бұл жағдайды анасына түсіндіріп, баланың денесінен ешқандай жарақат табылмағанын хабарлады», – деп мәлімдеді орталық өкілі.
Бұл оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.
2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаны тергеу кезінде кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Дәрігерлер алғашында оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.