Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева қызметінен босатылып, оның орнына Ұлан Бекіш тағайындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Серғазиеваның 2022 жылы осы лауазымға тағайындалуы әлемжеліде дау туғызған еді. Шендінің желідегі парақшасы шетелдегі саяхаттың суреттеріне тұнып тұрған. Тайланд, Франция, БАӘ, Грузия, Әзербайжан, Украина, Түркия, Ресей және Эстонияны армансыз аралаған Серғазиева Louis Vuitton, Victoria’s Secret брендінің сөмкесімен, Tiffany & Co зергерлік бұйымдарымен түскен фотосын да жарыса бөліскен-тін.
Әсіресе, Рас-әл-Хаймадағы Louis Vuitton пакеттері және құны 1,8 млн теңге тұратын сәнді сөмкесімен түскен суреті қызу талқыланған. Желідегі қауым шендінің мұншама байлыққа қалай кенелгеніне жауап іздеген болатын.

Серғазиеваның Дубайда түсірілген «ақша шашып, күліп жүретін көңіл-күйдемін» деген жазбасынан шатақ шығып, кейін постты өшіруге мәжбүр болған.
2022 жылы саясаттанушы Ербол Еділовтың арнасында жарияланған хатта «Ұлттық ақпараттық технология» қызметкерлері Серғазиеваның тәжірибесі мен білімі атқаратын қызметіне сай емесін айтып, оған қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетті деген айып таққан.
Жаңа тағайындалған Ұлан Бекіш бұған дейін Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығының бас директоры қызметін атқарған. Ол әр жылдары білім, денсаулық сақтау салаларында және квазимемлекеттік секторда еңбек еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







