Бүгін ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевтың қатысуымен Батыс Қазақстан облысында маңызды жиын өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мәлік Отарбаев өз сөзінде Президент Тоқаевтың “Қуатты аймақтар – қуатты ел” қағидатын басшылыққа ала отырып, өңірлерді дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Жаңа экономикалық саясат, инвестиция тарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту, экология мәселелерін шешу мен жергілікті басқару жүйесін жетілдіру – елдің тұрақты дамуына бағытталған басым бағыттар ретінде көрсетілді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
«2023–2024 жылдары Батыс Қазақстан облысында 22 мектеп, 38 медициналық, 6 мәдениет және 8 спорт мекемесі салынды. Сонымен қатар, 1 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, шалғай аудандармен байланыс қамтамасыз етілді», – деді аймақ басшысы.
Жиын қорытындысында қатысушылар Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындау бағытында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.