Алматы-1 теміржол вокзалының алқам-салқам ахуалы желідегі қауымның жағасын ұстатып жатыр. Вокзалдың қазіргі кейпін көрген жұрт оны «бомбыдан кейінгі көрініске» теңеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Осы орайда Гүлнәр есімді жолаушы әлемжеліде эмоцияға толы жазба қалдырған екен.
«Алматы-1 вокзалына барып, қарадай күйзелдім. Ғимараттың іші-сырты қирап жатыр, платформа ойылып кеткен, адамдар қалай жүрері, қайда жүрерін білмей абдырап тұр. Жақыным пойызда жолсерік болып істейді. Оның айтуынша, ел бойынша вокзалдардың көбісі осындай кетеуі кеткен күйде екен. Қазақстандағы ең үлкен шаһардың біріндегі жағдай осындай болса, шағын станцияларды елестетудің өзі қиын», – дейді ол.
Жолаушылар тарапынан жаппай сынға ұшыраған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы осы мәселеге түсініктеме беріпті. Компания өкілдерінің айтуынша, Алматы-1 вокзалы елдегі негізгі көлік торабының бірі. Мұнда күн сайын 2,5 мыңнан астам жолаушы қатынайды.
Ғимаратқа соңғы рет 18 жыл бұрын жөндеу жүргізілген.
«Сараптама нәтижесінде вокзалдың бетон платформасының әбден тозғаны, апатты жағдайда тұрғаны анықталды. Платформаның негізі қирап, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін деген қорытынды берілді. Бұл жолаушылардың өміріне қауіп төндіретін жағдай болғандықтан, толықтай ауыстыру туралы шешім қабылданды», – дейді ҚТЖ.

Қазіргі уақытта жолаушыларға қызмет көрсету үшін 350 метрлік уақытша перрон салынған. Компания реконструкция жұмысы аяқталғанша вокзал аумағында уақытша қолайсыздық туындайтынын мойындап, жолаушылардан кешірім сұрады.
«Жөндеу жұмысы желтоқсан айында толық аяқталады. Жаңарту жобасы вокзалдың конструкциясын нығайтып, инженерлік жүйе мен әрхитектураны заманауи талапқа сәйкестендіруге бағытталған», – деп нақтылады компания.
Айта кетсек, биыл сәуір айынан бастап Қазақстанның барлық өңірінде 120-ға жуық теміржол вокзалын қайта жөндеу және жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Тарихи маңызы бар ғимараттар, туристік бағыттар мен облыс орталықтарының вокзалдарын қамтыған ауқымды жобаны жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба «Қазақстан темір жолы» компаниясының өз қаражаты мен сырттан алған қарыз есебінен қаржыландырылған.
Айта кетелік, бұған дейін желі белсендісі Асқар Мәминнің ҚТЖ басшылығындағы сегіз жылы ұлттық компания толық тұралатып кеткенін айтқан еді.
«Бұрынғы премьерден қалған мұраның зардабын толық бағалау үшін ондаған, тіпті жүздеген қылмыстық істің томдары да жеткіліксіз. Қазақстан стратегиялық маңызы жоғары активтерінен айырылып, темір жол саласын толықтай ақсатып алды», — дейді Елмар Құсайынов. Толығырақ осы тұста.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

