Түркістан облысында тұрғындардың 85,7 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) тіркелген. Бұл – шамамен 1,8 миллион адам. Демек, облыс халқының басым бөлігі бүгінде заманауи медициналық қызметке, жоспарлы ем мен диагностикаға, жоғары технологиялық ем-шараларға қол жеткізу мүмкіндігіне ие. Дегенмен, әлі де 296 мыңға жуық адам сақтандырылмаған, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, өңірде сақтандыру жүйесін жетілдіру бағытында үлкен жұмыс атқарылып жатыр.
Биылдың өзінде 68 медициналық ұйымға 130 мыңнан астам тұрғынның тізімі жіберіліп, оларды жүйеге қосу бойынша нақты жұмыстар жүргізілген. Соның нәтижесінде 115 мыңнан астам азаматтың статусы анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
– Облыста сақтандырумен қамтылмаған азаматтардың көп болуының себептерін ашық талқылап, аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына жұмысты күшейтуі керек. Әрбір азаматтың сақтандырылған болуы тек оның жеке мүддесі емес, қоғамның денсаулық жүйесін нығайтудың басты талабы. Салғырттық пен бейқамдыққа жол жоқ, – деді Бейсен Тәжібаев.
Қазір МӘМС жүйесіне жарналардың уақытылы түсуін қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм әзірленіп, оны Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырып отыр. Жүйе бойынша төлем жүргізбеген азаматтардың тізімі нақтыланып, оларға хабарлама жіберіледі.
Егер 30 күн ішінде төлем жасалмаса, олардың жеке есепшоттары бұғатталады. Мұндай тәртіп жауапкершілікті арттыру және жүйенің әділдігін қамтамасыз ету тетігі. Тек наурыз бен маусым айларының аралығында республика бойынша 600 мыңнан астам салық төлеушіге хабарлама жіберілген. МӘМС жүйесінің тек медициналық емес, экономикалық маңызын да көрсететін көрсеткіш.
Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Жыл сайын медициналық ұйымдардың материалдық базасы жаңарып, жаңа құрал-жабдықтар алынуда. Қалалар мен аудандарда алғашқы медициналық көмек көрсету мекемелерінің саны артып, ауылдық дәрігерлік пункттерге дейін цифрлық жүйеге қосылған. Сақтандыру аясында азаматтар тегін тексеруден өтіп, жоспарлы ем қабылдауға мүмкіндік алуда.
МӘМС жүйесі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан да, облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы бұл бағыттағы жұмысты ерекше бақылауда ұстап отыр. Қордың аймақтық филиалының мәліметінше, биылдың сегіз айында өңір бойынша CRM жүйесінде 836 шағым тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56-ға аз. Бұл – халықтың медициналық қызмет сапасына деген сенімінің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.
Жиында айтылған тағы бір маңызды мәселе – медициналық қызмет сапасын жақсарту. Әкім орынбасары емханалардағы кезектерді азайту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және пациенттермен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Медицина саласында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу де күн тәртібінде тұр. Түркістан облысының медицина жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай дамыды, бірақ алда әлі де үлкен жұмыс бар. Әсіресе шалғай ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды.
Сақтандырылған азаматтардың санының артуы тек статистика емес, халықтың денсаулық мәдениетінің артуы. Халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің артуының белгісі. Әр адам сақтандыру жүйесіне қатыса отырып, өз өмірінің қауіпсіздігіне үлес қосады. Медициналық сақтандыру мемлекет пен азамат арасындағы сенім көпірі.
Жиынды қорытындылаған Бейсен Тәжібаев сақтандыру жүйесіне қатысудың маңыздылығын тағы бір еске салды. «МӘМС халықтың әлеуметтік қорғанысының негізгі тетігі. Әрбір азамат өз болашағына жауапты болуы тиіс», – деді ол. Түркістан өңіріндегі тәжірибе көрсеткендей, мемлекет пен азамат бірлесе жұмыс істегенде ғана жүйе тиімді нәтижесін береді.