Қазақстанда тәркіленген қымбат сағаттар мен зергерлік бұйымдар онлайн-аукционға шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (КУВА) ұйымдастырған электронды сауда 30 желтоқсанда Sauda.e-qazyna порталында өтеді.
Жалпы саны 39 лот қойылған аукционның бастапқы бағасы 631,8 млн теңге.
Саудаға шығарылған заттардың қатарында эксклюзивті кәдесыйлар, құнды монеталар мен сирек кездесетін сағат үлгілері бар. Құнды бұйымдардың барлығы бір кездері дүрілдеп тұрған ескі Қазақстанның олигархтары мен жоғары лауазымды тұлғалардан тәркіленген.

Ең арзаны ұлттық нақышта күміспен көмкерілген былғары белдік. Оның бастапқы құны 262,5 мың теңге. Опасыздық жасағаны үшін ұзақ жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген.
Аукционның ең қымбат лоты шектеулі сериямен шыққан Ulysse Nardin Classic 789-80 қолсағаты. Әлемде бар-жоғы 30 данасы бар сағаттың бастапқы бағасы 182,2 млн теңге. Сағаттың циферблаты авантюрин тасынан жасалып, 18 караттық алтынмен қолмен безендірілген.
Электронды саудаға қатысу үшін арнайы порталда алдын ала тіркеуден өту керек. Аукционға шығарылған лоттар мен толық ақпарат Sauda.e-qazyna сайтында жарияланған.

