Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы әрі экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі болған зәулім сарайды коммуналдық меншікке қабылдамау туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін басқарма Қараөткел ықшам ауданындағы бұл ғимаратты әлеуметтік мақсаттарға алу жоспарланғанын мәлімдеген. Әкімдік нысанды «әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында» қала балансына беру жөнінде ресми сұраныс жолдаған болатын.
Алайда қазір әкімдік бұл мәселені күн тәртібінен алып тастағанын хабарлады. Сарайдың болашақ тағдырына қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Еске сала кетейік, Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды.