Отанға опасыздық жасаған ҰҚК-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген құнды заттар сатуға шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Активтерді қайтару жөніндегі басқарушы компания электронды сауда алаңына ерекше лоттар қойды.
Тізімде моншақтары меруертпен безендірілген білезіктерден бастап, кавказдық қанжар мен естелік монеталарға дейін бар.
Саудадағы заттардың бағасы назар аудартады.
Мәселен, «Montegrappa Italia» жазуы бар қаламның құны 628 мың теңге. Тұтқасы бұғы мүйізінен жасалған қылыш 582 мың теңге болса, әшекейлі қаптамадағы кавказ қанжары 198 мың теңгеге бағаланған.
Тіпті қолтырауынның басына ұқсатып жасалған, жүзі дамаск болатынан құйылған пышақты 95 мың теңгеге иеленуге болады.
Лоттардың ішіндегі ең бағалысы номиналы 200 долларлық, ІІ Елизавета бейнеленген коллекциялық монета. Оның сатылымдағы бағасы 3,1 млн теңге.
Саудаға шығарылған заттардың барлығы да елордадағы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген зәулім үйден алынғаны айтылуда. Ертеректе бұл жер телімінің меншік иесі белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев болғаны туралы ақпарат тараған еді.