Украинадағы соғыстан кейін ресми Мәскеудің беделі бұрынғыдай айқын үстемдікке ие болмай, аймақтар арасында бұрын болмаған ажырау үдерісі байқала бастады. Сарапшылар алдағы уақытта Ресейде аймақтардың Кремльрге деген сенімнің әлсіреуі мүмкін екенін айтуда. Осыған дейін Кремль маңызды саяси шешімдерді өзі анықтайтын, ал қазір сол тұтастыққа сызат түсе бастағандай, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тарихта Ресейдің орталықтандыру саясаты әр дәуірде әрқалай көрініс тапқан. Айталық, Петр Бірінші билікті күшейту үшін астананы Мәскеуден Санкт-Петербургке көшірсе, Николай Екінші заманында бұл шешімге тек символдық мән беріп, ел тағдырының ауыр салмағы Мәскеудің қолында болды.
Кеңес өкіметі орнаған кезде де большевиктер бастапқыда Петроградтан басталған қозғалысты кейін қайтадан Мәскеуге келіп, сол арқылы Ресейдің саяси тағдырын бір орталыққа шоғырландырды. Осылайша Мәскеу ғасырлар бойы елдің жүйке ортасына айналып, өзге өңірлердің ықпалын әлсіретіп отырды.
Ұлы Отан соғысы Мәскеудің беделін одан әрі күшейткенін білеміз. Сол кезде «артымызда Мәскеу бар» деген ұран елдің символына айналды. Бүгінде сол ұран қазіргі заманның талабына жауап бере алмай отыр.
Қазіргі Мәскеу билігі елдің шынайы ішкі жағдайын елемей, сыртқы соғыстарға басымдық беріп, аймақтардың дауысы естуден қалғаны баршаға мәлем. Украинадағы соғыс дәл осы орталық пен өңір арасындағы теңсіздікті айқын көрсетіп берді. Бір облыс майдан шебінде күйреп жатса, екіншісі мамыражай күн кешуде.
Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің ішінде шартты түрде бес түрлі әлеуметтік-саяси аймақ қалыптасқан. Біріншісі – Мәскеу. Қаланың халқы соғыс ауыртпалығын сезбей, әлемдік санкциялар мен дағдарысқа қарамастан бұрынғы беймарал тұрмысынан сақтап қалған.
Екіншісі, провинциялық Ресей. Онда халықтың көбі соғысқа қатыспағанымен, экономикалық қысымды сезіне бастаған. Үшіншісі, Кавказ өңірі. Бұл аймақ бұрыннан Мәскеуге тәуелсіз өмір сүруге дағдыланып, күшті этникалық және діни сәйкестік қалыптастырған. Кез келген саяси дүмпудің алғашқы ошағы осында тұтануы әбден мүмкін.
Төртінші бөлік, Ресейдің Украинамен шекаралас еуропалық өңірлері. Соғыстың ең ауыр зардабы дәл осы аймақтар тартып отыр.
Көптеген тұрғындар өздерін Мәскеудің қорғауына сенбейтінін түсініп, «әркім өз күнін өзі көреді» деген ұстанымға көшкен.
Ал бесінші аймақ Сібір мен Қиыр Шығыс. Бұл өңірлер өз болашағын Ресеймен емес, экономикалық тұрғыдан Қытаймен байланыстырғанды жөн санайды. Аталған аймақта Қытай капиталы мен ықпалы мұнда жыл сайын күшейіп, жергілікті элита Мәскеуден гөрі Бейжіңге көбірек үміт арта бастаған деседі.
Ресейдің болашағына қатысты басты қауіп ретінде ішкі бірліктің әлсіреуін атауға болады. Бүгінде Мәскеудің өзге өңірлерге ықпалы саяси тұрғыда сақталғанымен, моральдық және әлеуметтік тұрғыда ара-жігі ажырай бастаған.
Орталықтың шешімдеріне сенім азайған сайын, аймақтар өз жолын іздеуде. Бұл тікелей бөліну емес, бірақ мемлекет ішіндегі «психологиялық қашықтықтың» ұлғаюы. Әр өңір өз өмір сүру логикасын қалыптастыруда. Біреуі соғысты қолдаса, енді бірі үнсіз қарсылық білдіруде, ал кейбірі сыртқы әріптестікке арқа сүйеуге ұмтылуда.
Тарихи тұрғыда Ресейдің басты проблемасы орталық пен шет аймақ арасындағы тепе-теңдік. Ұланғайыр кеңістікке ие Ресейдің бұл басты проблемасы болатынын да түсінуге болады.
Кеңестік кезеңде кең жерді идеология арқылы бақылады. Қазіргі таңда ішкі бірлікке әлеуметтік теңсіздік өзінің көлеңкесін түсіруде.
Осылайша Кремльдің соғысы елдің әлсіз тұстарын айқындап берді. Егер Мәскеу осы ішкі теңсіздікті жеңе алмаса, жағдайы қиын болады.
Нұрлан Жұмахан