Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Лондонға барып, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен келіссөз өткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу Еуропа елдері Ресейді Украинаға қарсы соғысы үшін халықаралық қысымды әлсіретпеуге тырысып жатқан тұста өтті. Ал әлем назарын Иран төңірегіндегі соғыс барған сайын өзіне тартып барады.
Ұлыбритания үкіметінің мәліметінше, Даунинг-стриттегі кездесуге НАТО бас хатшысы Марк Рютте де қатысқан. Тараптар Украинадағы бейбіт реттеу жолдарын, сондай-ақ Ресейге қарсы санкциялық қысымды сақтап қалу мәселесін талқылаған.
Кездесу қарсаңында АҚШ Ресей мұнайына қатысты кей санкцияларды уақытша жұмсартқан еді. Вашингтон мұны Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан әлемдік жеткізілімге түскен қысымды бәсеңдету қадамы ретінде түсіндірді. Алайда Зеленский мұндай шешімді ашық сынға алып, оның Мәскеуге Украинаға қарсы шабуылын жалғастыруға қосымша қаржылық мүмкіндік беретінін айтты.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар Иран төңірегіндегі соғыстан ең көп ұтылып отырған тараптың бірі Украина екенін айтады. Лондондағы Royal United Services Institute сарапшысы Эд Арнольдтің пікірінше, жаңа соғыс АҚШ-тың әуе қорғанысына арналған зымыран қорын азайтып жатыр. Ал дәл сондай жүйелер Киевке Ресей шабуылдарын тойтару үшін аса қажет. Бұған қоса, Вашингтонның назары да Украина келіссөздерінен Таяу Шығысқа ойысып кеткен.
Соңғы уақытта украиналық делегациялар Парсы шығанағы елдеріне барып, ортақ мүдделер төңірегінде келіссөз жүргізген. Париждегі Strategic Research Foundation кеңесшісі Франсуа Эйсбурдың бағалауынша, Украина үшін Парсы шығанағы мемлекеттерімен әуе қорғанысы жүйелеріне қатысты мәміле жасау маңызды. Киев өз кезегінде дронға қарсы технология мен тәжірибе ұсына алады.
Лондон мен Киев қорғаныс өнеркәсібіндегі әріптестікті тереңдетуге бет бұрды. Британ билігінің мәліметінше, екі ел Украинаның тәжірибесін және Ұлыбританияның өндірістік әлеуетін біріктіретін жаңа келісімге қол қояды. Құжат аясында дрондар мен өзге де заманауи қорғаныс шешімдерін шығару және жеткізу көзделген. Сонымен қатар Британия Украина қорғаныс министрлігімен бірге AI Center of Excellence жобасын қаржыландырады.
Зеленский не дейді?
Зеленский X желісінде Лондонға келгенін хабарлап, басты мақсаты Украина үшін қауіпсіздік пен жаңа мүмкіндіктер екенін жазды. Ал Стармер қазіргі жағдайда дрон, электронды соғыс және майдандағы жедел технологиялық бейімделу ұлттық әрі экономикалық қауіпсіздіктің өзегіне айналғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Таяу Шығыстағы ахуал мұндай трендті одан әрі үдеткен.
Майдан даласында да шиеленіс бәсеңдер емес.
Ресей Қорғаныс министрлігі бір түн ішінде аннексияланған Қырым және Азов теңізі маңында 206 украин дронының атып түсірілгенін хабарлады. Соның 40-ы Мәскеу бағытына ұшқан делінеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков Киевтің соңғы соққыларын нәтижесіз қарсылық деп атады.
Ал Зеленский дүйсенбі кешінде Украина әскері майданның шығыс және оңтүстік бөлігінде қарсы шабуылдар жасап, Мәскеудің наурыз айына жоспарланған операциясын бұзғанын айтты. Мұны тәуелсіз көздер толық растаған жоқ. Дегенмен Вашингтондағы Institute for the Study of War талдау орталығы украин қарсы шабуылдары Ресейдің кей шабуыл операцияларын шектеп отырған болуы мүмкін деген баға берді.
Украина әуе күштерінің дерегіне сай, Ресей түн ішінде ел аумағына әртүрлі үлгідегі 178 ұзақ қашықтықтағы дрон ұшырған. Соның 154-і атып түсірілген не радиоэлектронды жолмен залалсыздандырылған, тағы 22-сі нысанаға жеткен. Запорожьеде Ресей соққысы Украинаның ең ірі жекеменшік жеткізу компаниясы Nova Poshta терминалына зақым келтірді. Аймақтық әскери әкімшілік мәліметінше, сегіз адам жараланған.
Ал Иранда не болып жатыр? Бұған дейін әйгілі қытай көріпкелі «Ирандағы соғыс Трамптың түбіне жетеді» деп мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







