Бүгін Абай облысы мәслихатының кезектен тыс отыз бірінші сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, басқарма басшылары қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде осындай сессиялар елдің өңірлік басқару жүйесінде айқын бағдарлар қалыптастыратын, нақты шешім қабылданатын саяси алаңға айналып келеді. Қоғамдық сұраныс пен жергілікті билік арасындағы дәнекер саналатын мәслихаттардың ендігі қызметі өткеннің инерциясымен жүріп отыру емес, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру болуға тиіс.
Абай облысы әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, басқарма басшылары мен депутаттар қатысқан жиында бірнеше маңызды құжат қабылданды. Алқалы басқосуда жекелеген азаматтарға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тегін ұсыну туралы шешім, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы немесе тексеру комиссиясының ережесіне енгізілген өзгерістер – техникалық сипаттағы құжаттар ғана тәрізді. Алайда, осы құжаттардың әрқайсысы әлеуметтік мемлекеттің өңірлік деңгейде қалай құрылып жатқанын айқындайтын көрсеткіш.
Амбулаториялық емдеуге қажет дәрі-дәрмекті қосымша тегін беру халықтың денсаулығын экономикалық ауыртпалықсыз қамтамасыз етудің қадамы. Қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру – өңір ішіндегі тұрғындардың қозғалыс еркіндігін, еңбекке, білімге және денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру. Ал тексеру комиссиясының ережесіне енгізілген түзетулер – бюджеттік ашықтық пен бақылаудың күшейтілуіне бағытталған нақты қадам.

Сессия барысында депутаттар денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы мен көлік қатынасына қатысты бірқатар сұрақ көтерді. Бұл сауалдар қоғамдағы нақты мәселелердің күн тәртібінде екенін және оны шешуге деген саяси еріктің барын көрсетеді. Әкімнің өзі де мәслихат мінберінен сөз алып, көтерілген мәселелердің өңірдің экономикалық және әлеуметтік өміріне оң серпін беретінін атап өтті.
– Азаматтарымызға амбулаториялық емдеу кезінде қосымша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тегін беру – бұл әлеуметтік әділеттіліктің және мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Денсаулық сақтау басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды тиімді әрі ашық ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдарға арналған жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы – облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін арттырудағы маңызды құжат. Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта аудан, қала әкімдері нақты жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек, – деді облыс әкімі.
Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару органдары нақты шешім қабылдай алатын, қоғамдық мүддені қорғайтын маңызды институтқа айналғанын көрсетті. Мәслихат мінберінен айтылған әр сөз – бюджеттен бөлінген әр теңгенің, әр жолға төселген асфальттың, әр баланың ішкен дәрісінің тағдырына тікелей әсер етеді. Абай облысында қабылданған әрбір шешім тек бүгінгі тіршілік үшін емес, болашақ саяси мәдениеттің іргетасы.

