Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен мәслихат төрағаларының өкілеттік мерзімін екі кезеңмен шектеу мәселесі қызу талқыланып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі заң бойынша мәслихат төрағасы бес жыл мерзімге сайланады, ал сайлану санына ешқандай шектеу қойылмаған. Президенттің ұсынысына сәйкес, бұл мерзімді екі реттен аспайтындай етіп бекіту жоспарланып отыр.
Саясаттанушы Расул Қоспановтың пікірінше, ұзақ уақыт бойы бір қызметті иелену басқарушының саяси және әкімшілік ықпалын күшейтіп, билік тепе-теңдігін бұзуы мүмкін.
– Мәслихат төрағасы бір орында ұзақ отырса, оның мәслихат құрамына, қаладағы процестерге деген ықпалын күшейеді. Сондықтан үнемі ауысып тұру аса қажет. Егер біз Конституцияны жаңартып, Жаңа Қазақстан құрамыз десек, ескі үлгімен жұмыс істеуге болмайды, – дейді Расул Қоспанов.
Саясаттанушы Жандос Сәрсенбеков те бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, мәслихаттарға партиялық тізім арқылы көбінесе белгілі бір бизнес топтардың өкілдері өтіп, өз мүдделерін қорғауға тырысады.
– Мәслихатта үнемі бір адамдар отырған кезде, мүдделер қақтығысы орын алады. Мұндай жағдайда бұл органдардың кімнің мүддесін қорғап жатқаны үлкен сұрақ тудырады, – дейді Жандос Сәрсенбеков.
Бұл пікірді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Мереке Ғабдуалиев те растап отыр. Оның айтуынша, мәслихат төрағалары жергілікті бизнестің белгілі бір өкілдерімен байланысып, моральдық тұрғыдан тәуелділікке түсуі мүмкін.
– Төраға екі мерзімнен артық отырған кезде жергілікті бизнестегі ықпалды адамдармен байланыс орнатып, кейін бұл жағдай мүдделер қақтығысына алып келеді. Төрағаны үнемі ауыстырып отырсақ, оның осындай тәуелділікке түсуіне жол бермейміз, – дейді депутат.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Михаил Байтеряков та мерзім шектеуінің маңыздылығына тоқталды:
– Адам бір орында тұрып қалмауы керек. Ол үнемі дамып, өсіп отыруы тиіс. Бірақ оны қызметтен кейін жеке бизнеске жібергеннен гөрі, оның жинаған тәжірибесін әрі қарай халықпен жұмыс істеуге бағыттаған дұрыс, – деп ойын ортаға салды.
Жандос Сәрсенбековтің пікірінше, өкілеттіктерді шектеу тек мәслихаттармен шектелмей, болашақта Ұлттық Құрылтай сияқты басқа да мемлекеттік органдарға таралуы тиіс.
Осылайша, сарапшылар Президент Тоқаев ұсынған мерзім шектеу идеясының қажеттігін қолдап отыр. Бұл – биліктің жаңарып отыруын қамтамасыз ететін, басқару жүйесіндегі ықпал ету мен мүдделер қақтығысын азайтатын маңызды қадам.
Жаңа Конституция жобасы қабылданғаннан кейін енді бізді Құрылтайға (яғни Парламентке) жаңа сайлаулар күтіп тұр. Ал бұл дегеніміз тағы да қосымша шығындар деген сөз. Жаңа Құрылтай қаншаға түседі?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







