Депутат Базарбек Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жұмысын жақсылап тұрып сынап алды. Ол министрге полицияның бейқамдығы мен әрекетсіздігін бетіне басып, елдің құқық қорғау органдарына сенімі қалмағанын ашып айтты, деп жазады Ertenmedia.
Министрге қарата сөз бастаған депутат: «Сізге мені тыңдау ыңғайсыз болып отырған сияқты, жүзіңізден көрініп тұр», – деп эмоциясын ірке алмады.
Осыдан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сын айтарда шенеуніктің жеке басына тиіспей, тек ведомствоның жұмысына ғана бағытталуы керек деп, депутатқа ескерту жасады.
Жиыннан кейін журналистер Базарбектен «эмоцияға неге ерік бергенін» сұрады. Депутат өз кезегінде кейбір тұста шектен шыққанын мойындағанымен, тұтастай алғанда айтылған сынның орынды екенін жеткізген.
«Менің ішіме сыймаған сөз, қатардағы көп пікірдің бірі емес, жанайқай. Министр полицияны халық бұдан артық сынай алмайтынын түсінуі керек. Жұрт қазір қылмыскерден емес, полициядан үркеді. Аталған құрылым сенім дейтін маңызды репутацияны жоғалтып алды», – дейді депутат.
Оның айтуынша, қазір полицияға келіп түсетін арыз-шағымның басым бөлігі ескерусіз қалады. Алматының маңында тау бөктерін заңсыз отап жатқандарға қатысты дәләл-айғағы дайын іс әлі күнге дейін тергелмеген.
«Тау бөктерін заңсыз отайтындарға қарсы неге іс қозғалмай тұр? Осы жөнінде Бас прокурорға да бірнеше рет хат жолдадым. Тауды талқандап жатқан қарапайым тұрғындар емес қой. Мұның артында Forbes тізіміне енген қалтасы қалың азаматтар тұр. Полиция осындай қылмысқа көз жұма қараған соң, халықтың күдігі де қоюланады», – деді депутат.
Сондай-ақ Базарбек бұған дейін өзінің депутаттық сауалынан кейін қысымға ұшырағанын да еске салды. Белгісіз біреулер оның үйінің жанындағы балалар арбасын өртеп кеткен. Алайда бұл іс те жабулы күйінде қалған.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Алматыдағы заңсыз құрылыс тоқтамай тұрғанын айтып, шырылдаған. Базарбек жергілікті биліктің бейқамдығын сынға алып, қала аумағындағы бақылаусыз құрылысқа қарсы нақты шара қабылдауды талап еткен еді.
Депутат жазғы тексеру кезінде Алматының жоғары бөлігіндегі табиғи сай-саланың жаппай топырақпен толтырылып жатқанын анықтаған. Учаскелерге таунхаус пен коттедждер тұрғызылуда.
Алатауды бөлшектеген әкімдер мен әулеттер: депутат Базарбек маңызды мәлімдеме жасады