Елімізде ет экспортына квота енгізу мәселесі қызу талқыланып, депутат пен министр сөзге келіп қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев үкіметтің шешімін ашық сынап, оны нарықтағы «лоббизмнің иісі шығатын» әрекет деп бағалады. Оның айтуынша, енгізілген шектеу салдарынан қарапайым шаруалар сыртқы нарықтан мүлде ажырап қалған.
Қырықбаев Түркістан облысынан тек бір ғана компанияға экспорт жасауға рұқсат берілгенін мысалға келтірді. Қазір кәсіпорын тәулігіне небәрі 150-200 бас ірі қараны сыртқа шығаруда. Ал квота енгізілмей тұрған уақытта өңірден Өзбекстанға күн сайын 1000 бас мал жөнелтіліп келген.
«Нәтижесінде, бір ғана компания Үкіметтің шешімімен еш негізсіз ерекше жеңілдікке ие болып отыр. Мұнда лоббизмнің иісі шығып тұр», – деді депутат.
Алайда Ауылмин Айдарбек Сапаров мұнымен келіспеді. Министрдің айтуынша, ет экспортына квота енгізудегі басты мақсат ішкі нарықты ет тапшылығынан қорғау, бағаны тұрақтандыру және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторына қолдау көрсету.
«Квота жүйесі нарықта монополияны қалыптастыруға немесе бәсекелестікті шектеуге бағытталған жоқ. Керісінше, біз толық циклге негізделген, ашық әрі әділ ет өндірісін дамытуды көздеп отырмыз», – деді министр Сапаров.
Сапаров бұған дейін шағын мал сою орындары ірі қараны сатып алып, дұрыс бордақыламай-ақ Өзбекстан сияқты көрші елдерге қайта сатып келгенін айтты. Министрдің сөзінше, әлгі схеманың кесірінен нарықтағы ахуал шайқалып, елдегі ет бағасы шарықтап кеткен. Жаңа жүйе дәл осындай ала-құла схемалардың жолын кесіп, бағаны тұрақтандыруы тиіс.
Бұған дейін экс-ауылмин Асылжан Мамытбеков мал экспортындағы мина туралы айтқан еді.
Сиыр етіндегі саботаж: Мамытбеков мал экспортындағы мина туралы айтты

