Президент Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдап, төменгі палатаның жұмысы жөнінде есеп алды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесуде Мәжіліс спикері Мемлекет басшысына биылғы заң шығару қызметінің барысын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта депутаттар 15 заңды қабылдап, Сенатқа жолдаған. Тағы 77 заң жобасы қаралу үстінде.
Ерлан Қошановтың сөзінше, жыл соңына дейін Мәжіліс үш маңызды құжатты Құрылыс кодексін, Цифрлық кодексті және «Банк қызметі туралы» заңды қабылдауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, сайлау, тұтынушылар құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін реттейтін заң жобалары дайындалуда.
Мәжіліс депутаттары сонымен бірге жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға түзетулер енгізуді, креативті индустрияны дамыту, ғылымға негізделген аймақтар құру, тарихи-мәдени нысандарды қорғау және бау-бақша серіктестіктерін қолдау жөніндегі жаңа бастамаларды қолға алған.
Қошанов қыркүйек айының соңында Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдап, оны Сенатқа жолдағанын еске салды. Сондай-ақ осы тақырыпта отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілгенін айтты.
Президент Тоқаев Мәжілістің заң шығару қызметін оң бағалап, алдағы реформаларды жүзеге асыру барысында қоғаммен ашық диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.