Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 29 қыркүйекте қол қойды. Бұған дейін бұл қызметті 2023 жылдың қаңтарынан бері Ғани Бейсембаев атқарып келген еді.
1983 жылы 5 тамызда дүниеге келген Сүлейменова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Кейін философия және саясаттану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып, 2011 жылы мәдениеттану бойынша PhD докторы атанды.
Жастайынан қоғамдық жұмыспен айналысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттік өзін-өзі басқару ұйымын басқарды, кейін оқытушылық қызметке ауысып, білім беру саласында түрлі жауапты лауазымдарды иеленді.
Алматыдағы гимназиялардың бірінде тарих және құқық пәндерінен сабақ берді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде, Халықаралық бизнес академиясында, сондай-ақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде басшылық қызметтерде болды.
2012 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінде еңбек етті. Мұнда менеджерден бастап, даму департаментінің директоры лауазымына дейін көтерілді.
2021 жылы Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. 2022 жылдың маусымында Президент жанындағы Ұлттық құрылтай құрамына кірді.

