Қазақстанда әуе техникасына қызмет көрсететін жалғыз авиациялық орталық жабылудың аз алдында тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz КТК арнасына сілтеп.
Елдің Әуе қорғаныс күштерінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етіп келген кәсіпорын бір жылдан бері тоқтап қалған. Мұның соңы миллиардтаған шығынға әкеп соғып, білікті мамандардың сырт елдерге кетуіне себеп болып отыр.
Отыз жылдық тәжірибесі бар, отставкадағы полковник Мәжит Исабаевтың айтуынша, кәсіпорынның жұмысы зауыттың бұрынғы басшыларының үстінен қозғалған қылмыстық істен кейін тоқтап, барлық есепшот бұғатталған.
«Қазір жұмыс жоқтың қасы. Бұрын 180-ге тарта қызметкеріміз болған еді. Оның 150-і жағдай ушыққан соң жұмысын тастап кетті. Көбі жалақыдан қағылған соң, амалсыз шетел асып, басқа жерден нәпақа табуға мәжбүр. Қазір бар болғаны 30 шақты маман ғана қалды. Кәсіпорын толық тоқтап тұрғанына жылдан асып барады», – дейді Исабаев.
Орталықтың ангарларында ондаған ұшақ пен тікұшақ, тіпті Су-25 жойғыш ұшақтары қаңтарылып тұр. Бұрын елдің қорғаныс қабілетіне қызмет еткен әскери техника бүгінде музей экспонатына айналғандай күй кешуде.
Мұнда тек авиациялық қызмет көрсету ғана емес, қорғаныс саласына аса қажетті ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды құрастыру ісі де тоқтап қалған.
Мәселеге Мәжіліс депутаттары да араласуда. Павел Казанцевтің айтуынша, авиация орталығының тоқтап қалуы елдің қорғаныс қабілетіне үлкен қауіп төндіріп отыр.
«Кәсіпорынның тоқтағанына жылдан асты. Бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Ұшақтар босқа қаңтарылып тұр. Жұмысшылар сырт елге кетіп жатыр. Біз өз техникамызды жөндеуге сырттағы «бөтен біреулерге» ақша төлеп отырмыз. Жағдайды тез арада шешуге тырысамыз», – деді депутат.
Парламент өкілдері істің қылмыстық-құқықтық жағына араласа алмайтындарын мойындады. Бірақ стратегиялық кәсіпорынды сақтап қалудың барлық жолдарын қарастыруға әзір екенін жеткізді.
Халық қалаулылары мәселені шешудің тиімді тетіктерін іздестіруде. Уақыт ұзара берсе, авиация орталығын қалпына келтіру мүмкін болмай қалуы әбден ықтимал.