Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан жалпыреспубликалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Маңғыстау облысында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагерлер, мемлекеттік және салалық мекемелердің қызметкерлері, еріктілер мен өңір тұрғындары қатысты.
Экологиялық акцияға 10 мыңнан астам адам үн қосып, 67 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында облыс аумағынан шамамен 190 тонна қоқыс шығарылды.

Сонымен қатар өңірдің экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 5200 түп ағаш отырғызылды. Олардың қатарында жөке, үйеңкі және акация көшеттері бар.
Сенбілік кезінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуға шақырды.

— Президентіміз тазалықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ішкі мәдениетінің көрінісі. Расында да, тазалық пен тәртіп кез келген қаланың келбеті. Біз үшін ең маңыздысы нәтиже. Қоқыс дер кезінде шығарылып, көшелер таза болуы қажет. Бұл тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, әрбір мекеме мен тұрғынның ортақ міндеті, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, сенбілік ерекше форматта өтті. Достық үйі маңына киіз үйлер тігіліп, қатысушыларға ыстық шай мен дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Іс-шара соңында жергілікті өнерпаздардың шағын мерекелік концерті өтті.