Бүгін, 24 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен жиында Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселесі қаралды. Басқосуға экология белсенділері, тәуелсіз сарапшылар мен табиғат жанашырлары қатысты,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жиында Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Эколидер» волонтерлік клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова Каспий итбалығы мен оны қорғаудың маңыздылығы туралы баяндады. Сарапшының пікірінше, итбалықтардың қырылуы теңіздің ластануы, браконьерлік және өндірістік жұмыстардың салдарынан болып отыр.
«Теңіздің ластануы итбалықтың физикалық жағдайына әсер етіп, оны Каспийдің экологиялық жағдайының тірі индикаторына айналдыруда. Каспий итбалығы Каспий теңізінің эндемигі болғандықтан, яғни ол әлем бойынша басқа еш жерде кездеспейтіндіктен, оны сақтау маңыздылығы аса өзекті», — деді Бақытгүл Жақсылықова.
Жиын барысында табиғат жанашырлары итбалықтарды сақтау бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Атап айтқанда, тірі итбалықтарды жүйелі зерттеу, осы саладағы тапшы мамандықтарға грант бөлу, теңіз мониторингіне жергілікті сарапшыларды тарту, браконьерлікпен күрес шараларын күшейту, экологиялық заңнаманы жетілдіру және Каспий маңы елдерімен бірлескен зерттеулер жүргізу қажет екені айтылды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған ұсыныстарды саралап, жауапты азаматтарға нақты шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды.
«Каспий итбалығы – тек теңіз экожүйесінің ғана емес, жалпы өңірдің экологиялық ахуалының айнасы. Итбалықтарды қорғау жұмыстары жүйелі болуы үшін және өлекселер табылған жағдайда оларды жою үшін нақты алгоритм әзірлеу қажет. Сондай-ақ, процестерді тиімді бақылау үшін цифрландыру шараларын енгізу маңызды. Осы салаға қажетті мамандарды даярлау үшін жергілікті оқу орындары мен теңіз саласына маманданған ЖОО арасында келісім жүргізіп, грант бөлу мәселесін қарастырыңыздар. Ал оған дейін шұғыл түрде дайын мамандарды облысқа тартуға жұмыстану керек. Итбалықтарды сақтауға бағытталған нақты іс-шаралар күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.