Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовты қабылдады,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Нұрдәулет Қилыбай Өзбекстан мен Маңғыстау арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, болашақта ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.
«Өзбекстан — бізге көршілес ел. Бүгінде Маңғыстау облысында өзбек капиталының қатысуымен кәсіпорындар түрлі салада жұмыс істеп жатыр. Біз Өзбекстанмен іскерлік байланысты тереңдетуге мүдделіміз. Алда жүзеге асырылуы тиіс үлкен жобалар бар. Өңіріміздің екі теңіз порты мен шекаралық аймақта орналасуы – үлкен мүмкіндіктер береді. Сондықтан біз өзара тиімді әрі нәтижелі серіктестікке дайынбыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде, Елші Бахтиёр Ибрагимов алдағы жоспарларымен бөлісіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға және әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасы – Маңғыстау облысының сыртқы саудадағы негізгі серіктестерінің бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 8,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 4,8 млн доллар, ал импорт – 4 млн доллар.
Қазақстаннан Өзбекстанға негізінен газ конденсаты, өрт сөндіргіштер, химия өнеркәсібінің өнімдері, металл бұйымдары және талдау құрылғылары экспортталса, Өзбекстаннан көкөністер мен жемістер, құрғақ жемістер, жаңғақтар, тоқыма бұйымдары, аяқ киім, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және көлік құралдары импортталады.