Маңғыстау облысында президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірдегі спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелерге 25 бірлік жаңа автокөлік берілді деп жазады Ertenmedia облыстық баспасөз қызметіне сілтеп.
Көліктер жергілікті бюджет есебінен сатып алынды.
Атап айтқанда, спортшыларды тасымалдауға арналған 20 миниавтобус, 4 жеңіл автокөлік және ұлттық спорт түрлеріне қолдау көрсету мақсатында 1 жылқы тасымалдауға арналған техника алынған.
Бұл көліктер өңірдегі қала және аудандық деңгейдегі спорт мекемелеріне үлестіріліп, сала жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталмақ.
Көліктерді табыстау рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауларында айқындалған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарды спортқа баулу — болашаққа салынған инвестиция» деп атап өткен болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде азаматтарға, оның ішінде жастарға бұқаралық спортпен айналысуға жан-жақты мүмкіндік жасау — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 36 спорт нысаны тұрақты жұмыс істейді.
Ауылдық елді мекендерде спорт секциялары ашылып, жаттықтырушылар саны артып келеді. Жақын күндері Жаңаөзен қаласында мұз айдыны пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Ақтау қаласында 10 мың орындық заманауи футбол стадионын салу жобасы пысықталуда. Бұдан бөлек, дарынды балаларға арналған спорт-интернат колледжінің құрылысы басталды. Талантты жастарымызды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, соңғы он жыл ішінде алғаш рет облыстық спорт басқармасына осындай көлемде автокөлік беріліп отыр. Бұған дейін басқарманың автопаркі небәрі 3 бірліктен ғана тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 25-ке жетіп отыр.