Үкімет Маңғыстау туристік аймағын дамытудың кешенді жоспарын бекітті деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бастама алдағы бес жылды қамтиды. Жоспарға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Құжат бойынша, 2025–2029 жылдары өңірде жүзден астам іс-шара атқарылады.
Туризмнің түйткілін тарқататын 9 бағыт айқындалған: инфрақұрылым, логистика, цифрландыру, қауіпсіздік мәселелері, кадр даярлау және инвестор тарту соның негізгілері.
Үкіметтің хабарлауынша, өңірдегі туризмнің тынысын ашатын негізгі нысан Кендірлі аймағы болмақ. Мұнда инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, туристік орындарға электр қуаты мен су жеткізіледі. Жол қатынасы реттеледі.
Бұған қоса, Кендірлі ауылында инвесторлар мен эко-белсенділердің ұсынысымен әуежай салынбақшы.
Ақтауда халықаралық деңгейдегі теңіз вокзалы мен заманауи стадионның құрылысы қолға алынады. Сонымен қатар, өңірде мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіледі. Мұның барлығы туристерді тартуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған қадамдар.
Шағын және орта кәсіпке серпін беру мақсатында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының желісімен жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылады.
Үкімет есебінше, 2029 жылға қарай өңірге келетін ішкі турист саны 430 мыңнан 520 мыңға, ал сырттан келетін саяхатшылар 89 мыңнан 143 мыңға жетеді.
Туризм саласында еңбек ететіндердің қатары мың адамға көбейіп, 2,7 мыңға жетпек. Өңір экономикасындағы туризмнің үлесі 3,6%-ға дейін өсіп, жеке инвестициялар көлемі 198,9 млрд теңгеге ұлғаяды деп күтілуде.