Маңғыстау облысында бір отбасы ажал құшты. Ерлі-зайыпты бес баласымен газға тұншығып қалған. Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылында болды. Марқұмдардың уланып өлгенін түс уақытында үйіне келген көршілері көріп, құтқарушыларды шақыртқан. Бірақ ол кезде бәрі кеш болған. Жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан улы газ сыртқа шықпай, үйдің ішіне жайылған деген болжам бар, — деп хабарлайды ErtenMedia «КТК» телеарнасына сілтеп.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, оқыс жағдай жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан болған. Улы газ үй ішіне жайылып, жеті адам тіл тартпай кеткен.
Көршілерінің шақыртуымен оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері үйден жеті адамның газға уланып ісініп кеткен мәйітін тапқан. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған бала.
«Марқұмдардың туыстары улы газ шатырдың саңылауынан үйге тараған дейді. Осы сәтте ұйықтап жатқан бес баланың бірі оянып үлкендерге хабарлағысы келген. Алайда есігі ішінен кілттеулі ата-анасының бөлмесіне кіре алмапты. Жалма-жан үйдің терезесін ашуға жүгірген кішкентай бала пердеге асылған күйі ажал құшыпты. Осы оқыс жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр», — деп жазылған мәліметте.
«Тиісті мамандар тұрғын үйлердің жылыту пешін тексермейді, — дейді марқұмның туыстары. Ал аудан әкімдігі жеті адамның өмірін жалмаған ескі пешті жаңасына ауыстырып беріпті. Бірақ бұл үйдің түтінін түтетін енді тірі жан қалмады.
Еске салайық, бұған дейін оқиға 2 наурызда болғаны хабарланды.