Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін кезекті аппарат жиналысын өткізді. Ерекшелігі кеңес жабық есік жағдайында емес, тікелей эфир арқылы өтті. Яғни, әр тұрғын сұрақ қойып, ой бөлісе алды. Медицина секілді шетін тақырыпта ашық сөйлесу жауапкершіліктің белгісі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров баяндама жасады. Жыл басынан бері ана өлімі тіркелмегенін, сәби өлімінің де азайғанын айтты. Мұнайлы ауданындағы 150 төсектік аурухана, Бейнеудегі оңалту орталығы, бірнеше ауылда ашылған жаңа медициналық пункттер осы жылда жүзеге асқан тірліктер.
– Дәрігер жетіспейді. Облыста 249 маман тапшы. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі арнайы грант бөліп отыр. Ауылға барған жас маманға 8,5 миллион теңге, қалаға барған дәрігерге 3-5 миллион теңгеден көтермеақы қарастырылған, – деді Ізбасаров.
Дегенмен, бардың бағасын халық айта алмай отыр. Қоғамда медицинаға деген сенім әлсіреген. Облыс әкімі осыған тоқталып:
– Медицина саласындағы қызметтің сапасы халықтың тікелей тіршілігіне әсер етеді. Біз қаржыны уақтылы бөліп отырмыз. Бірақ тұрғындар тарапынан шағым көп. Бұл алаңдатарлық жағдай, – деп кесіп айтты.
Нұрдәулет Қилыбайдың сөзі шынайы шықты:
– Әрбір дәрігер өз ісіне жанашырлықпен қарауы керек. Науқасқа тек сырқат емес, тағдыр ретінде қарау қажет. Бұл дәрігерлік борыш қана емес, азаматтық міндет.
Денсаулығы тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Ал дәрі-дәрмек мәселесі де шет қалмады. «СК-Фармация» серіктестігінің өңірлік өкілі Наталья Бикинеева 2025 жылға қарай 7,7 миллиард теңгенің дәрісі жеткізілетінін айтты. Бірақ бұқараны дәрінің сомасы емес, қолжетімділігі мен сапасы қызықтырады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» да өз дерегін ұсынып, өңір халқының 83 пайызы жүйеге тіркелгенінен жеткізді. Бірақ қалған 17 пайызы ше? Ол сұрақ жауапсыз қалды. Облыс басшысы жиынды қортындылай келе:
– Жаңа емханалар салып қана қоймай, сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл біздің міндетіміз, – деп нақты тапсырма берді.

