Маңғыстау өңірінде экологиялық сана мен жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Таза Маңғыстау» челленджі басталып, оған ұстаздар қауымы белсенді үн қосты. Ақтаудағы №26 жалпы білім беретін мектептің ұжымы бір күндік акцияға емес, тұтас қозғалысқа айналуы тиіс бастаманы қолдап, табиғатты қорғау ісіне өз үлесін қосып жүр. Бүгінгі мектеп болашақ ұрпақтың мінезін қалыптастыратын орда десек, осы челленджге қатысқан ұстаздардың ісі сабақтан тыс шынайы тәрбие ретінде бағаланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мектеп директоры Зульфия Қыдырбаева бұл бастаманың мәнін айқын жеткізді: «Қоршаған ортаға үлес қосудың ең тиімді жолы әрекет. Біз тек сөзбен емес, ісімізбен үлгі болуымыз керек. Әрбір оқушы күн сайын табиғатқа жақсылық жасай алатынын білуі маңызды» дейді. Ұстаздың осы сөзінде экологиядан бөлек, өмірлік ұстаным жатыр. Себебі табиғатқа қамқор болу бүгінгі заманда білімді азаматтың басты белгісіне айналып келеді.
45 күнге созылатын «Таза Маңғыстау» челленджіне 76 өтініш түскені ел ішінде экологиялық жауапкершіліктің оянып келе жатқанын көрсетеді. Сол өтініштердің 43-і жеке қатысушылар болса, 33-і топтық бастамалар екен.
Мұнда тек қоқыс жинау ғана емес, ауыл-аймақтың табиғаттық келбетін сақтауға бағытталған ұсыныстар да айтыла бастады.
Маңғыстаудың табиғаты ерекше. Тағы да бір рет еске салсақ, киелі түбектің әр тасы – тарих, әр желі – аманат. Осындай жерде экологиялық мәдениет жай әңгіме емес, өмір салтына айналуы тиіс.
Ұстаздар мектеп ауласын тазартып қана қоймай, балаларға табиғатты сезінуді, құрметтеуді, түсінуді үйретіп жүр. Баланың бойындағы жауапкершілік жастайынан осындай ортада қалыптасады.
«Таза Маңғыстау» челленджі бүгінгі экологиялық бастамасы өңірдің рухани жаңғыруының белгісіне айналып келеді. Себебі шынайы дамыған қоғам ең алдымен табиғатпен достасады. Ал бұл іске ұйытқы болып келе жатқан ұстаздардың үлесі сөзсіз құрметке лайық. Білім берумен қатар тәрбиенің де тамырын қорғап жүрген мұғалімдердің еңбегі Маңғыстаудың бүгінгі тынысын ғана емес, ертеңгі болашағын да қалыптастырады.

