Бүгін Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жаңа «Aqqu Resort & Camp» демалыс және қонақ үй кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Aqqu Resort & Camp» өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастама. Кешен көпфункционалды форматта жұмыс істейді: жаз мезгілінде 300-350 балаға арналған «Aqqu Camp» балалар лагері ретінде, ал қалған уақытта курорттық және корпоративтік демалыс орталығы ретінде қызмет көрсетеді. Жоба инвестордың жеке қаражаты есебінен салынуда.

Кешен аумағында заманауи тұрғын корпустар, ересектер мен балаларға арналған екі ашық бассейн, 50 орындық кинозал, футбол алаңы мен спорттық аймақтар, медициналық пункт және өз мейрамханасы орналасқан.
Нысан маусым кезінде 100-ден астам адамды жұмыспен қамтиды.
«Aqqu Resort & Camp» жобасы Мемлекет басшысының туризм мен өңірлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында іске асырылған бастамалардың бірі.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жаңа кешеннің ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туризм саласына жаңа серпін беретінін атап өтті.
– Мұндай демалыс орындарының ашылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл өңірдің туризм саласын дамытудың нақты қадамы. «Aqqu Resort & Camp» заманауи, қауіпсіз әрі шабыт сыйлайтын жаңа демалыс кеңістігіне айналады деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.