Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алғашқы төрт мектеп пайдалануға берілді.
Жуырда тағы бірнеше жаңа оқу орны есігін айқара ашпақ. Солардың бірі — Батыр ауылындағы жаңа мектеп. Заманауи білім ордасы STEM зертханаларымен, шығармашылық және спорттық аймақтармен, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті кабинеттермен жабдықталған. Жоба әрбір балаға қолайлы әрі тең мүмкіндікті білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Бүгін аталған мектепте ашық есік күні өтті. Болашақ бірінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналары жаңа оқу орнының артықшылықтарымен танысты.
Мұнайлы ауданы білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Сағатбек Жұбановтың айтуынша, Батыр ауылындағы №15 және №13 мектептерде үш ауысымда оқу жүріп жатқандықтан, жаңа білім ошақтарының қажеттілігі туындап отыр.
– Бұл мәселені шешу мақсатында «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында Хазар және Самал шағынаудандарында әрқайсысы 1200 оқушыға арналған екі жаңа мектеп салынуда. Жалпы — 2400 орын. Бұл нысандар жаңа оқу жылының басында — қыркүйек айында пайдалануға беріледі, – деді ол.