Маңғыстау облысының делегациясы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына қазақ халқының құнды қазынасы жеті қанат ағаш үйін сыйлады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшылығында өткен салтанатты іс-шара ТҮРКСОЙ мен түркітілдес елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық пен бауырластықты нығайтуға бағытталды.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев, Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм вице-министрі доктор Сердар Чам, сондай-ақ АК партиясы төрағасының орынбасары профессор доктор Күршад Зорлу мен Анкара қаласының губернаторы Васип Шахин бастаған мәртебелі меймандар қатысты.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде сыйға тартылған ағаш үй бірлік пен ынтымақтықтың нышанына айналатынын атап өтті.
– Ақтау Түркі дүниесінің мәдениет астанасы мәртебесін үлкен абыроймен алып жүріп, Каспий теңізінің інжу-маржанына, түркі мәдениетінің тоғысқан нүктесіне айналды. Сыйға тартылған бұл ағаш үй – бірлік пен ынтымақтың көне нышанына айналады. Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлына тарту үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Сұлтан Раев.
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы болуы мәртебе мен үлкен жауапкершілік екенін айтты.

– Ағаш үй ата-бабаларымыздың өмір сүру кеңістігі әрі рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. ТҮРКСОЙ мен түркі бауырларымызға тарту еткен бұл сый – бауырластығымыздың және ортақ мәдениетіміздің көрінісі. Ақтаудың түркі әлемінің мәдениет астанасы болу – зор мәртебе әрі жауапкершілік. Осы мәртебе аясында өткен барлық іс-шараларда бауырларымызды қуана қарсы алдық. Баршаңызға шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Әбілқайыр Байпақов.
Салтанатты іс-шара маңғыстаулық өнерпаздардың мерекелік бағдарламасына ұласты.