Маңғыстау облысы биылғы 11 айда экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп, маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда көш бастап келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады. Әкім өңірдің даму қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге арналған ауқымды жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, биыл облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 трлн теңгеден асқан. Инвестиция көлемі 949,9 млрд теңгеге жетіп, жоспарлы көрсеткіштен 105,4 пайызға орындалды. Жалпы, соңғы үш жылда аймақ экономикасына құйылған инвестиция көлемі 3 трлн теңгені құраған. Биылдың өзінде ғана өңірге келген тікелей шетелдік инвестиция 3 млрд доллардан асты.
«2026-2032 жылдар аралығында облыста жалпы сомасы 10 трлн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар іске қосылғанда 8800-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде осындай 19 жоба пайдалануға берілді», – деді Қилыбай.
Өңірдің туристік әлеуеті де артып келеді
Биылғы тоғыз айда Маңғыстау облысына 350 мыңнан астам турист келген. Туризм саласынан түскен кіріс 17,2 млрд теңгені құрап, аймақ елімізде шетелдік туристерді қабылдау жағынан үздік үштікке енді.
Осы бағытта Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу вокзалдарын қайта жаңғырту жүргізіліп, Кендірлі әуежайының құрылысы басталды. Алдағы төрт жыл ішінде жалпы құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік жоба іске қосылады.
Ауыл шаруашылығы саласында да жақсы жаңалықтар бар
Биыл облыстағы агроөнеркәсіп кешенінде 38 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Әсіресе түйе шаруашылығында Маңғыстаудың орны ерекше. Қазір өңірде түйе саны 95 мың басқа жеткен. Президент тапсырмасымен түйе сүтін терең өңдеуге арналған үш ірі жоба іске асып жатыр. Өнімдерді экспортқа шығару көзделуде.
Сонымен қатар, Каспий теңізінде балық шаруашылығын дамыту мақсатында шетелдік инвесторлар тартылып, 2027 жылға дейін төрт ірі жоба іске қосылады. Солардың бірі – жылына 5 мың тонна лосось тұқымдас балық өсіретін Organic Fish кәсіпорны.
Аймақ экономикасының негізгі тірегі саналатын шағын және орта бизнес те белсенді дамып келеді. Қазір бұл сектордың өңір экономикасындағы үлесі 40 пайызға жетті. Биылғы 11 айда кәсіпкерлер 1 трлн теңгенің өнімін шығарған.
Облыстағы жолдардың да сапасы жақсарып келеді. Бүгінгі күні жергілікті маңызы бар автожолдардың 97 пайызы жақсы жағдайда. Транзиттік аймақ ретінде Маңғыстау арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі де артып отыр.
Білім саласы да жаңа белеске көтерілді
Ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында облыста биыл 13 мектеп пайдалануға берілсе, тағы бір мектеп демеушілер есебінен ашылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж іске қосылып, онда 300-ге жуық жас спортшы білім алып жатыр.
2025 жыл Маңғыстау өңірінің рухани-мәдени өміріндегі айтулы жылға айналды. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленіп, бір жыл бойы халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени, тарихи-ғылыми және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл соңында Ақтау қаласының «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін салтанатты түрде қорытындылау рәсімі өтті. Бұл жоба облыстың ғана емес, тұтас Қазақстанның мәдени-туристік беделін арттыруға зор үлес қосты.

