Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО қорғауына алынуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазақстан тарапы осы ерекше сәулет ескерткіштерін Дүниежүзілік мәдени мұралар қатарына қосуды ұсынып отыр.
Қасиетті орындардың тарихы Ұлы Жібек жолымен келген алғашқы уағызшылармен байланысты. Мешіттер жер қойнауындағы жартастарды шауып, ерекше әдіспен салынған.
Ішінде ең танымалы Шопан-ата мешіті. Бұл ғибадатханада жұмсақ тастан ойылған 12 бөлме бар, орталық залда намазға бағыт сілтейтін екі ағаш тіреу орнатылған.
Ал Қараман-ата мешіті аймақтағы жалғыз жерасты ғибадатханасы. Іші ирелеңдеген дәліздер мен құпия бөлмелерден тұратын күрделі лабиринт іспетті.
Шақпақ-ата мешіті крест формасында ойылып, онда мінәжат етуге арналған арнайы орындар мен оқшау тіршілік кешкен тақуалардың бөлмелері сақталған.
Қазір осы ерекше ескерткіштердің ЮНЕСКО тізіміне қосылу мүмкіндігін Халықаралық ескерткіштерді сақтау жөніндегі кеңес сараптап жатыр. Қазақстанға арнайы келген, көне сәулет өнерін қалпына келтіру бойынша әлемге танымал маман Фиген Кывылджим Чоракбаш сараптамалық баға беруде.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәселенің ел үшін аса маңызды екенін айтып, мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауға алғанын жеткізді. Сарапшылар оң қорытынды шығарса, Маңғыстаудың көне жерасты мешіттері әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналмақ.