Президент Тоқаевтың Нью-Йорк сапарында Смитсон институтының басшылығымен кездесуі мәдени дипломатияға жаңа дем беретін қадам болмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекет басшысы АҚШ-та қазақ мәдениетін танытуға белсене атсалысқан Смитсон институтының Халық шығармашылығы және мәдени мұра орталығының арнайы жобалар директоры Халле Батвинге алғысын білдірді.
Ақорданың мәліметінше, институт жанынан ашылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен рухани әлемін терең зерттеуге бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды қолға алған.
Тоқаев мәдени дипломатияның Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды құралға айналатынын атап өтті.
Айта кетелік, Смитсон институты әлемдегі ең ірі мәдени, ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарының бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми-білім орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақ кіреді.
Ал осы кездесуде болған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ETS ұйымымен келісім негізінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) методологиясын жаңарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.
Жаңа форматты әзірлеуге әлемнің алдыңғы қатарлы сарапшылары тартылады. Бұл қадам қазақстандық білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық деңгейге шығаруы тиіс.
Сондай-ақ, Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы аясында қазақ ғалымдары, тарихшы-антропологтар мен мәдениеттанушылар Смитсон институтында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алатынын мәлімдеді.