Нью-Йоркке барған сапарында президент Тоқаев Ақ үй басшысы Дональд Трамппен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесудің жай-жапсарын талдаған саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, Тоқаев пен Трамп арасындағы әңгіме әдепкі дипломатиядан гөрі нақты экономикалық мәселелерге бағытталған.
Ақорданың ресми хабарламасында да екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың келешегі сөз болғаны айтылады.
Әсіресе, сирек кездесетін металдар экспорты, сауда тарифтері, энергетикалық жобалар мен Қазақстанға салынатын инвестиция тақырыптары қозғалған болуы мүмкін.
«Трамптың экономикалық мәселелерді, нақты пайда әкелетін жобаларды талқылауға бейім екені білеміз. Ол бос сөзді ұнатпайды. Кездесу барысында екі елге де пайдалы, тиімді жобалар сөз болған сияқты», – деп пайымдайды саясаттанушы.
Бұдан бөлек Тоқаев АҚШ-тың Goldman Sachs, PepsiCo, Amazon, Chevron сияқты алпауыт компанияларының басшыларымен де жүздескен. Онда цифрландыру, финтех саласы, энергетика, азық-түлік өндірісі мен спутниктік байланыс бойынша әріптестік жайы талқыланған еді.
Кездесуде халықаралық мәселелер де назардан тыс қалмаған.
Әбішевтің пікірінше, Тоқаев Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты Қазақстанның дипломатиялық ұстанымын жеткізген болуы мүмкін.
«Ақорда соғыс басталған күннен бастап бейтарап бағытты ұстанып келеді. Кикілжің дипломатия мен келіссөз арқылы шешім табуы керек екенін ашық айтып жүр», – дейді сарапшы.
Сондай-ақ Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясында таныстырғалы отырған Қауіпсіздік кеңесін реформалау жөніндегі ұсынысын да Трампқа алдын ала жеткізген болуы ғажап емес. Әбішев осы реформаның АҚШ-қа да тиімді екенін айтады.
Жалпы Нью-Йорктегі кездесулер Тоқаевтың АҚШ-пен қарым-қатынаста экономикалық әрі геосаяси тұрғыдан нақты диалогқа басымдық беретінін байқатты.