Президент Тоқаев Марат Сұлтанғазиевті Алматы облысының әкімі лауазымынан босату туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өңір басшылығындағы ауыс-түйіс атқарушы билікте жүріп жатқан ауқымды кадрлық ротацияның заңды жалғасы. Күні кеше Үкімет құрамы жасақталған. Өз кезегінде Алматы облыстық мәслихаты Қонаев қаласында барлық деңгейдегі депутаттардың кезектен тыс жиналысы өтетінін хабарлады.
Мәслихат депутаттарының дауыс беруіне Мемлекет басшысы ұсынған үміткерлер шығарылмақ.
Дереккөздер мәліметінше, аймақ әкімі лауазымына басты үміткердің бірі ретінде жақында Төтенмин қызметінен босатылған Шыңғыс Әріновтің кандидатурасы қарастырылып жатыр.
Марат Сұлтанғазиев несімен есте қалды?
Сұлтанғазиев Алматы облысын 2022 жылдың 11 маусымынан бері, аймақ Алматы облысы және Жетісу облысы болып тарихи тұрғыда екіге бөлінген сәттен бастап басқарды. Өңір басшылығына келгенге дейін ол еліміздің қаржы және салық саласында ұзақ жыл қызмет етті.
Әкім кезінде Сұлтанғазиев облыс орталығын Қонаевқа көшіру, өңірдегі ауқымды инфрақұрылымдық құрылыстар, жаңа «Алатау» қаласының жобасын іске қосу және агроөнеркәсіп пен өндіріс саласына тікелей инвестиция тарту жұмысын тікелей үйлестірді. Оның қайда барары әзірге белгісіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







