Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылым, білім беру, сумен жабдықтау және жол құрылысы салаларындағы өзекті жобалардың іске асырылу барысымен танысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талғар ауданы: ауызсу мен жол мәселесі – басты назарда
Сапар Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтау жүйесінің құрылысымен танысудан басталды. Жобаның жалпы құны – 5,2 млрд теңге, ұзындығы – 31,3 км. Құрылыс жұмыстарын «Аскади» мердігер компаниясы «Бесағаш-юг» су құбыры бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Жоба 2024 жылы басталған, аяқталуы биыл жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сыйымдылығы 1 мың текше метрлік резервуар салынып біткен.
Облыс әкімі ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жедел әрі сапалы жүргізу қажеттігін атап өтті.
Келесі нысан – «Атлетико де Мадрид» футбол академиясына кіреберіс жол. Ұзындығы 3,3 шақырым болатын жолға, тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Асфальт жабыны екі қабатпен төселуде. Жұмыстар тамыз айында басталып, аяқталуы қараша айына жоспарланған.
Еңбекшіқазақ ауданы: мектептер, көпірлер және инфрақұрылым
Еңбекшіқазақ ауданына сапар Азат ауылындағы негізгі орта мектепке барудан басталды. 1923 жылы салынған, 140 орынға арналған ғимаратта бүгінде 395 оқушы білім алуда. Мектеп апатты жағдайда. Жаңа 300 орындық мектептің құрылысына арналған жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда құрылысқа қаржы бөлінбеген. Облыс әкімі бұл жобаны қаржыландыру мәселесін жедел түрде шешуді тапсырды.
Сапар барысында, сондай-ақ, Азат ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мәселесі қаралды. 85 пайызы тозған желілерді қайта жаңарту жобасының құны – 2,15 млрд теңге. Ауылда 3519 адам тұрады.
Ауылдың тағы бір өзекті мәселесі – саяжайлар мәртебесінің болмауы. Азат ауылы маңындағы 19 саяжайда шамамен 3 мың адам тұрады. Алайда бұл учаскелерге елді мекен мәртебесі берілмегендіктен, инфрақұрылымдық қызметтерге мемлекеттік қаржы қарастырылмайды. Осыған байланысты әкімдік аталған саяжайларды Талғар ауданының құрамына қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Апатты көпірлерді қалпына келтіру – жол қауіпсіздігінің маңызды бөлігі
Сапар аясында облыс әкімі Үлкен Алматы каналы бойындағы апатты көпірлердің жағдайымен танысты. Балтабай және Бәйтерек ауылдық округтеріндегі екі көпір де әбден тозған.
* Талғар өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жобасының құны – 1,41 млрд теңге, ұзындығы – 65,2 метр.
* Түрген өзені үстіндегі көпір жобасы 674 млн теңгеге бағаланған, ұзындығы – 48,95 метр.
Аймақ басшысы аталған көпірлердің құрылысын кешіктірмей бастауды тапсырды, себебі көктемгі тасқындар салдарынан олардың құрылымдары айтарлықтай зақымданған.
Жол инфрақұрылымын дамыту – ауылдармен байланысты нығайту
Алмалы ауылына кіреберіс жол – Р-17 «Алматы – Талғар – Евгеньевка» автожолының 3,8 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстары тамыз айында жоспарлануда. Жоба құны – 270 млн теңге.
Сонымен қатар, Көктөбе ауылдық округіндегі Төле би ауылында 450 орындық жаңа мектептің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Нысан 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына жасаған жұмыс сапары – өңірдегі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдардың көрінісі.
Аймақ басшысы барлық жобалар мен бастамаларды уақтылы қаржыландыру және тиімді бақылау қажеттігін атап өтті. Бұл өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.